Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасының жылашар сөзі қашан да салмақты - А.Шахин, БҚО

ОРАЛ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасының жылашар сөзі қашан да салмақты. Ел өміріндегі таяу уақыттарда жүзеге асатын басты өзгерістер мен жаңалықтар осында айтылады.

Елбасының жылашар сөзі қашан да салмақты - А.Шахин, БҚО

Егемендіктің арқасында бағы жанса да, жұлдызы әлі жарқырай алмай келе жатқан ұлт тіліне Жолдауда мемлекет басшысы тарапынан нақты көңіл бөлінуін көксегендердің бірі едім. Сол үміт күткендей алдымыздан шығып отыр. Бұл туралы облыстық соттың мемлекеттік тіл жөніндегі бас маманы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Амангелді Шахин мәлім етті.

Оның айтуынша, Жолдаудан елімізді әлеуметтік жаңғыртуға баса назар аударылып, Елбасының үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаны бекіткені жария етілді. Олар - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламалары. Соның ішінде «Тілдерді дамытуға» бір сөз, бір сөйлем емес, арнайы тақырыпша арналуы - бұл мәселеге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінгендіктің айғағы.

2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізудің көзделуі және оның 2020 жылға қарай кемінде 95 пайызды құрайтындығы - алдағы он жыл бедерінде еліміздің ұлттық келбетінің айшықтана, ажарлана түсетіндігінің көрінісі.

Тәуелсіздіктің жиырма жылында мемлекет құраушы қазақ халқының ұлттық құрамы, салт-дәстүрлері мен мәдениеті, тілі, сөз жоқ, дамыды. Сонау кеңестік қоғам тұсында өз жерінде, өз елінде азшылыққа дейін барып, ұлт ретінде құрып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ халқы тәуелсіздіктің арқасында ұлттық құрамын нығайтты. Заманында тұрмыстық деңгейге дейін құлдыраған тіліміз шынайы заңды мемлекеттік мәртебесіне ие болды. Алайда осы деңгейге жетудің өзі аса үлкен әлеуметтік қайшылықтар жағдайында жүзеге асып келеді. Қазақ тілінің даму қарқынын тежейтін кедергілерден әлі де арылып болған жоқпыз.

Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың бұған дейінгі қабылданған бағдарламасына сәйкесті орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздары өткен жылы толық мемлекеттік тілге көшірілді. Соған қарамастан мемлекеттік органдардың өзінде мемлекеттік тілдің күрмеулі мәселелері жеткілікті.

Егер мемлекеттік органдарда қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізетін кадрлар мәселесі таяу мерзімде түпкілікті шешіліп, күн тәртібінен алынса, ал мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны Жолдауда көзделген бағытпен еселене түссе, мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып қана қоймай, қазақ тіліне бәсекелес болып келе жатқан ресми тіл құрсауы да ағытылары сөзсіз. Ендеше, бір сөзді екі етіп, қазақша мәтінді орысша жалғастыру дәстүрінен де арылатын күн алыс болмас.

«Тілдерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы ұлт тіліне бұдан былай да айқын басымдылық беріп, Қазақстан халқының мемлекет құраушы ұлт төңірегінде жұмыла топтасуының жаңа сапалық кезеңіне жол ашады деген үмітіміз бар», деді А.Шахин.