Ел бойынша 1 755 Аналар кеңесі жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ал кеңестің жұмысына 12 мыңнан астам адам атсалысып келеді.
Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанай Аналар кеңесінің қызметі, отбасы институтын нығайтудағы, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық келісімді дәріптеудегі рөлі туралы айтты.
— Бүгінде еліміз бойынша 1 755 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның жұмысына 12 мыңнан астам адам атсалысып келеді. Кеңес қызметі отбасыға қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ отбасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттарын қамтиды, — дейді Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы.
Айта кетейік, бүгін — Аналар күні. Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды 20-дан астам мемлекетте тойланады. Қазақстанда да ана мәртебесін айқындайтын бұл күн ерекше мәнге ие.
Бұл ретте ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аналар күніне орай құттықтау жолдады.