Ел бойынша 5 орман өртке оранды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы 24 тамызда Республика бойынша 5 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Өңірлер бойынша:
- Ақтөбе облысы — 1 өрт;
- Қарағанды облысы — 1 өрт;
- Батыс Қазақстан облысы — 1 өрт;
- Қостанай облысы — 1 өрт;
- Семей МОТР — 1 өрт.
— Орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі жағдайына әуеден және жерүсті бағытта тұрақты бақылау жүргізілуде. Бақылау барысында өрт белгілері анықталған жағдайда, тиісті күштер мен құралдар жедел түрде оқиға орнына жөнелтіледі, — дейді құтқарушылар.
Қазір өрт ошақтарында орман шаруашылығы қызметкерлері мен РМҚК «Қазавиаорманқорғау» мамандары қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Өрт сөндіру топтарының негізгі мақсаты — жалынның таралуын шектеу, оның көршілес аумақтарға өтуіне жол бермеу және өртті толық сөндіру.
Мамандар өртті оқшаулау, жанған аумақты қауіпсіздендіру, сондай-ақ қайта тұтану қаупін болдырмау бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр.
— Осыған орай, тұрғындар мен табиғат аясына демалуға шығатын азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Орман және дала аумақтарында от жаққан кезде барынша сақтық танытып, өрт шығуына себеп болуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу қажет. Табиғи ортада отты қараусыз қалдырмай, демалыс орнынан кетер алдында оның толық сөндірілгеніне көз жеткізу маңызды, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Бұған дейін Алматыда кабельдік шахтадағы өртке байланысты жедел штаб құрылғаны белгілі болды.