Эльбрусқа көтерілу кезінде 11 жастағы бала қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Кабардин-Балқар Республикасындағы Эльбрус тауына көтерілу кезінде 11 жастағы бала қаза тауып, оның әкесі ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, шыңға көтерілгендер 1986 және 2015 жылы туған әкесі мен баласы болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 19 шілдеде екі адамнан құралған топ Эльбрустың шығыс шыңына көтеріліп бара жатқан кезде шамамен 4,2 мың метр биіктікте жартастан құлап кеткен.
Салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды, ал әкесі ауыр жарақат алды. Зардап шеккен азаматқа Ресей ТЖМ-нің Эльбрус жоғары таулы іздестіру-құтқару жасағы мен «Лидер» орталығының құтқарушылары жіберілді.
Оқиғаға байланысты тергеу органдары тексеру жүргізіп жатыр. Кабардин-Балқар прокуратурасы да оқиғаның барлық мән-жайының анықталуын бақылауға алды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қосшы қаласындағы демалыс орнында бассейн суына алты жасар бала батып кеткенін жаздық.