Елді мекен ішінде көлікпен жүру жылдамдығы азайтылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі елді мекендердің ішінде көлікпен жүру жылдамдығын түсіруді жоспарлап отыр.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған мәселені Парламент депутаттарының талқылауына шығаратындарын айтты.
— Елді мекендердің ішінде жылдамдық режимін төмендету мәселесіне келсек, жалпы Әкімшілік полиция комитетінің ұжымы заң мен тәртіп қағидаты аясында заң шығару ісімен, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдірумен үнемі айналысып отырмыз. Оның үстіне Ішкі істер министрі осы жылды қылмыстардың алдын алу жылы етіп жариялады, — деді ол.
Айтуынша, ұсыныс қазір талқылау сатысында тұр.
— Қазір бұл мәселені жұмыс тәртібімен қарап жатырмыз. Парламент депутаттары демалыстан жұмысқа шыққан кезде осы мәселені солармен талқылаймыз. Бұл мәселе қазір талқылау сатысында. Қандай шешім қабылданғанын кейін қосымша хабарлаймыз, — деді ІІМ өкілі.
Бұған дейін Алматы полициясы электрлі самокат пайдаланушыларға үндеу жасағанын жазған едік.