Елде 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді.

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады және әрбір осы кереметтің артында акушерлердің еңбегі, қамқорлығы мен біліктілігі жатыр.
— Олар болашақ аналарды перзентханаға түскен сәттен бастап шығарылғанға дейін қамқорлық жасап, тек медициналық емес, моральдық қолдау да көрсетеді. Бұл — әйелдер мен олардың сәбилері үшін ең толқынысты әрі маңызды сәттерде жанында болатын нағыз қаһармандар, — делінген ДСМ хабарламасында.
Қазақстандағы босандыру жүйесі туралы деректер:
Елімізде 240 босандыру ұйымы, оның ішінде 58 перзентхана және 37 перинаталдық орталық жұмыс істейді.
Амбулаториялық көмекті 810 әйелдер консультациясы, 1 282 дәрігерлік амбулатория және 790 фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетеді.
Қазақстанда 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді.
Перзентханаларда 3 740 акушер, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 3 675 акушер қызмет етеді.
600-ден астам акушер шалғай жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттерде қызмет көрсетіп отыр.
Халықаралық акушерлер күнін белгілеу туралы идея 1987 жылы ұсынылып, 1992 жылы ресми түрде мойындалды. Қазақстанда бұл күннің де өзіндік маңызы зор — әрбір қуанышты сәбидің дүниеге келуінің артында өз ісіне мұқият, тәжірибелі және адал акушерлер тұр.
Айта кетелік ауылдарда дәрігер тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы жазып едік.