Елде алғаш рет қарағандылық ветеринарлар иттің жамбас-сан буынына ота жасады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Аса күрделі әрі бірегей операция ауыр диагноз қойылған ірі итке қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндік беріп, еліміздегі ветеринариялық медицинаның сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр.

Елде алғаш рет қарағандылық ветеринарлар иттің жамбас-сан буынына ота жасады
Фото: Евгений Крюковтың жеке мұрағатынан

Қарағанды қаласында ветеринар мамандар еліміз тарихында алғаш рет итке жамбас-сан буынын тотальды эндопротездеу операциясын сәтті жүзеге асырды. Ота алты жастағы, салмағы шамамен 35 килограмм болатын Джеси есімді неміс овчаркасына жасалды. Ит бірнеше жыл бойы ауыр дәрежедегі артроз дертімен ауырған.

Жамбас-сан буынының артрозы — буын құрылымының біртіндеп бұзылуымен және үдемелі ауырсыну синдромымен сипатталатын, емдеуге келмейтін ауру. Уақыт өте келе жануардың қозғалу қабілеті шектеліп, дәрі-дәрмекпен емдеу тиімсіз бола бастайды. Джесидің жағдайында ауырсынусыз қозғалу мүмкіндігін қалпына келтірудің жалғыз жолы — зақымданған буынды толықтай протезбен алмастыру болды.

ветеринар дәрігер, хирург-ортопед Евгений Крюков
Фото: Евгений Крюковтің жеке мұрағатынан

Елдегі алғашқы осындай күрделі операцияны Мәскеуде арнайы кәсіби тағылымдамадан өткен ветеринар дәрігер, хирург-ортопед Евгений Крюков жасады. Оның айтуынша, мұндай диагноздармен ірі тұқымды иттердің иелері ветеринариялық клиникаларға жиі жүгінеді.

— Бізге артроздың асқынған түрлері, жамбас сүйегі мойнының сынуы, жамбас-сан буынының зақымдануы, соның ішінде жарақаттан кейінгі жағдайлармен науқастар жиі жеткізіледі. Бұл патологиялар әрдайым өмірге тікелей қауіп төндірмесе де, оның сапасын едәуір төмендетеді. Жануар үздіксіз ауырсынумен өмір сүреді, ал иелері оның қиналғанын күн сайын көреді, — деп түсіндірді маман.

Операция барысында Джесиге титаннан жасалған заманауи протез орнатылды. Ол сан сүйегінің өзегіне арнайы винттер арқылы бекітіледі. Буынның толыққанды қызметіне оралуы үшін сүйек тіні мен протездің бітісуіне белгілі бір уақыт қажет. Әдетте бұл үдеріс бір жарымнан екі айға дейін созылады, ал толық интеграция үш ай ішінде аяқталады. Осы кезеңнен кейін жануар белсенді өмір салтына ешқандай шектеусіз қайта орала алады.

Алғашқы бақылау нәтижелері үміт күттірерлік. Операциядан кейінгі бесінші күні овчарка ота жасалған аяғын абайлап тірей бастаған. Ақсау мен ауырсыну синдромы сақталғанына қарамастан, оң динамика анық байқалған. Ал 15 күн өткен соң Джеси белсенді қозғалып, иесіне қарай вольерден өздігінен шыға бастаған.

— Бұл жақсы нәтиже, әсіресе иттің салмағын ескерсек, өте жоғары көрсеткіш. Резекциялық артропластика секілді балама әдістер қолданылған жағдайда ірі жануарлар көбіне өмір бойы ақсаңдап жүреді немесе мүлде аяққа тұра алмай қалады. Салмағы 20 килограмнан асатын иттерге мұндай операциялар, әдетте, ұсынылмайды. Ал эндопротездеу кезінде біз небәрі екі апта ішінде резекция арқылы қол жеткізу мүмкін емес тірек қабілетін көріп отырмыз, — деп атап өтті Евгений Крюков.

Алдағы уақытта Джесиге екінші жамбас-сан буынын алмастыру операциясын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі тексерулер орнатылған протездің біртіндеп бітісіп келе жатқанын және иттің жалпы жағдайы тұрақты түрде жақсарып жатқанын көрсетеді.

Ветеринардың айтуынша, бұл операция жануардың өмір сүру ұзақтығын арттырудан гөрі, оның өмір сапасын түбегейлі өзгертеді.

— Артроздың өзі өлімге алып келмейді. Алайда жануар ұзақ уақыт бойы ауырсыну мен жайсыздықта өмір сүреді. Біз ауырсыну көзін жойған кезде науқасқа еркін әрі толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береміз. Басты мақсатымыз да осы, — деп сөзін түйіндеді маман.

Сондай-ақ Евгений Крюков Қазақстанда мұндай операцияның алғаш рет сәтті жасалуы отандық ветеринариялық медицинаның қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейтінін атап өтті. Клиника заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, тәжірибелі хирургтар мен анестезиологтардан құралған кәсіби команда жасақталған. Бұл күрделі хирургиялық араласуларды барынша төмен тәуекелмен жүргізуге мүмкіндік береді.

— Біз үшін бұл — маңызды кезең. Біз жануарлардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді үздіксіз іздейміз. Иелерінде таңдау болса, ал жануарларда ауырсынусыз өмір сүруге нақты мүмкіндік болуы тиіс, — деп қорытындылады Евгений Крюков.

Еске сала кетсек, осыған дейін Павлодарда иісшіл иттердің көмегімен 200-ден астам қылмыс ашылғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар