Елде алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Абай университеті мен Перуджадағы (Италия) тұңғыш Халықаралық Мария Монтессори орталығы өзара ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды. 

Елде алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасы ашылады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Тараптар Қазақстанда алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасын және Абай университеті базасында педагогтарды сертификаттаудың ұлттық орталығын құруға уағдаласты.

Бұл маңызды серіктестік еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытуға және жаңа буын мұғалімдерін даярлауға озық әлемдік тәжірибелерді жүйелі түрде енгізуге бағытталған. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай университеті зерттеу бағытындағы жаңа үлгідегі педагогикалық жоғары оқу орнына трансформацияланудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.

— Мұндағы басты басымдықтарының бірі — халықаралық деңгейде мойындалған әдістемелерді енгізу, өйткені Қазақстанда бұл жүйеге деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда Монтессори педагогикасының қағидалары еліміздің 11 қаласындағы 40-тан астам мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру орталықтарында қолданылады, алайда бұл тәжірибені әрі қарай кеңейту үшін іргелі академиялық база мен білікті мамандар даярлау қажет, — делінген хабарламада.

Италиялық орталықтың президенті Симоне Павони және вице-президенті Лучио Ломбардимен өткен келіссөз барысында бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Олардың қатарында студенттерге халықаралық AMI сертификаттарын беретін бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, «оқытушыларды оқыту» моделі бойынша дайындау, сондай-ақ баланың ерте дамуы, нейропедагогика, қазіргі заманауи білім беру технологиялары мен геронтология салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу бар. Сонымен қатар Абай университеті егде жастағы адамдармен жұмыс істеуге бағытталған Silver Agri Age және Silver Agri Care жобаларына да қызығушылық танытып отыр.

Абай университетінің ресми делегациясы орталықтың практикалық инфрақұрылымымен танысып, «Лидия Чели» атындағы бөбекжайды, балабақша мен бастауыш мектепті аралады. Университет ректоры Болат Тілеп аталған сапардың мақсаты Италияның жоғары оқу орындарымен ұзақ мерзімді академиялық серіктестік орнату екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық сараптама мен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың өзара ықпалдастығы ғалымдар, студенттер және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Сондай-ақ делегацияның Италияның жетекші жоғары оқу орындары — Sapienza, UniCamillus және LUISS университет өкілдерімен бірқатар ресми кездесу өткізу жоспарланған.

Айта кетелік елде жасанды интеллект бойынша халықаралық айна зертханасы құрылатыны туралы жазған едік