Елде бензин тапшылығына жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығы болмайды. Бұл туралы брифинг барысында журналистердің сауалына жауап берген ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлім етті.
Журналистер Омбы мұнай өңдеу зауытындағы жағдайдың Қазақстанның ішкі нарығына әсері және солтүстік өңірлерден Ресейге бензин әкетіліп жатқаны туралы ақпаратқа қатысты сұрақ қойды.
Вице-министрдің айтуынша, Ресейдегі аталған жағдай Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына әсер етпейді.
— Омбы мұнай өңдеу зауытында болған жағдай біздің мұнай өңдеу зауыттарына ешқандай әсерін тигізбейді. Энергетика министрлігі ұлттық компаниялармен бірлесіп, ішкі жанар-жағармай балансын және қорын қалыптастырды. Бұл халықты тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Оның айтуынша, жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет шекарадан көлік құралдарының өтуіне қатысты қосымша шаралар қабылдаған.
— Жүк көліктері мен жеңіл автокөліктердің тәулігіне бір реттен артық біздің мемлекетке кіріп, біздің мемлекеттен шыға алмайды. Бұл шаралар жанар-жағармай құю станцияларындағы жанар-жағармай балансын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, — деді ол.
Вице-министр отандық мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
— Қазіргі уақытта ішкі нарықта қандай да бір жанар-жағармай тапшылығы болады деген сөз ол шындыққа жатпайды. Сондықтан тек ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Сонымен қатар ол Қазақстаннан Ресейге бензиннің бақылаусыз шығарылып жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Вице-министр заңсыз жанар-жағармай әкету фактілерін анықтау бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Брифинг барысында сұйытылған мұнай газының бағасына қатысты да сұрақ қойылды.
Қайырхан Тұтқышбаев жақын арада сұйытылған газ бағасын көтеру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
— Қазіргі таңда сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру мәселесі Энергетика министрлігі тарапынан қарастырылып отырған жоқ, — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Қырғызстанның бензин жеткізу жөніндегі өтінішін қарастырып жатқаны айтылды.