Елде дәріхана көп, бірақ неге баға түспей тұр
АСТАНА. KAZINFORM - Экономиканың «алтын заңы» бойынша нарықта сатушы көбейген сайын бәсеке күшейіп, ұсыныстың артуы есебінен баға төмендеуге тиіс. Қазақстандағы фармацевтика нарығы бұл қағидаға толық бағынбайтын сияқты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, елде әр 10 мың тұрғынға шаққанда 4,9 дәріханадан келеді. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) елдерінің орташа көрсеткішінен (2,9 дәріхана) шамамен 70%-ға жоғары. Соған қарамастан, қазақстандықтар дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығына әлі де жиі шағымданады. Дәріхана көп болғанмен, бәсеке неге бағаны төмендете алмай отыр? Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздеп көреміз.
«Ұсыныс-сұраныс» қағидатына бағынбайтын нарық
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда 9 131 қоғамдық дәріхана (community pharmacy) жұмыс істеген. Бұл - әр 10 мың тұрғынға шаққанда 4,9 дәріханадан келеді деген сөз. Дәріханалардың басым бөлігі – 94,4%-ы жекеменшік, 5,6%-ы ғана мемлекеттік. Географиялық орналасуы да әркелкі: 67%-ы қалаларда, 33%-ы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.
Ең көп дәріхана Алматыда шоғырланған – 1 146 нысан, бұл - республикадағы барлық дәріхананың шамамен 13%-ына тең. Ал ең аз үлес Атырау облысына тиесілі – небәрі 3%. Мұны аймақтардағы халық санына шақса, тағы басқа көрініс пайда болады. Қазақстанда орта есеппен бір дәріханаға 2 034 тұрғыннан келеді. Алайда Шымкентте бір дәріханаға 1 362 адамнан ғана келсе, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 3 240 адамға дейін жетеді.
ДДҰ дерегіне сәйкес, Қазақстанда 354 дәріхана есірткілік және психотроптық препараттарды сатуға лицензия алған. Сонымен қатар елде 883 дәріхана бөлімшесі, 192 жылжымалы дәріхана пункті және 20 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымының жанындағы дәріхана бөлімшесі жұмыс істейді.
Қазақстандағы дәріхана нарығының тағы бір ерекшелігі – жаңа дәріхана ашуға қатысты демографиялық немесе географиялық шектеулердің болмауы. Бұл да – ДДҰ-ның берген бағасы, яғни заңнама белгілі бір ауданда дәріхана жеткілікті болса, жаңасын ашуға тыйым салмайды. Сонымен бірге дәріхана желілерінің көлденең немесе тік интеграциясын шектейтін арнайы талаптар да қарастырылмаған. Қарапайым тілмен айтсақ, заң бір компанияның көптеген дәріхананы бір желіге біріктіруіне немесе дәрінің өндірісі, көтерме саудасы мен бөлшек сатуын қатар бақылауына арнайы тыйым салмайды.
Түсімнің тең жартысы 15 компанияның қолында
Ал IQVIA халықаралық талдау компаниясының 2025 жылғы бөлшек нарыққа жүргізген талдауында бір жылдың өзінде елдегі дәріханалар саны 1 126-ға артып, 9 659-ға жеткені айтылған. Оның ішінде 4 522-сі - желілік дәріхана, 4 252-сі - тәуелсіз дәріхана.
Осы зерттеуге сенсек, бөлшек фармацевтика нарығы ақшалай көлемде өскен. 2025 жылы оның көлемі 667,7 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 14,7% ұлғайған. Алайда осы кезеңде сатылған дәрі-дәрмектің көлемі керісінше азайыпты. Қаптамамен есептегенде 469,9 млн қаптама сатылған. Бұл - 2024 жылдың көрсеткішінен 11,4% төмен деген сөз. Сонда қазақстандықтар бұрынғыдан аз дәрі сатып алғанымен, оған көбірек ақша жұмсаған деуге болады.
Нарық құрылымы да өзгеріп келеді. Қазақстандағы ТОП-15 дәріхана желісі 2 507 дәріхананы біріктіреді және бөлшек нарық айналымының 50,47%-ын бақылайды. Жалпы алғанда, желілік дәріханалар бөлшек нарықтың 76,3%-ын, ал тәуелсіз дәріханалар 23,7%-ын ғана қамтамасыз етеді.
2025 жылғы ең ірі ойыншы – «Зерде Фарма». Компанияның 471 дәріханасы бар және бөлшек нарықтың 11,64%-ын иеленеді. Одан кейін «Биосфера»/Format.KZ (456 дәріхана, 7,59%), «Рауза АДЕ» (230 дәріхана, 7,45%) орналасқан. Ал дәріхана саны ең көп желі – «Аптеки со склада» (505 дәріхана), дегенмен оның нарықтағы үлесі 6,20% ғана. «Мурат Фарм» желісі 80 дәріханамен бөлшек нарықтың 3,07%-ын иеленеді.
Бұл деректер Қазақстандағы фармацевтика нарығының қызық парадоксын көрсетеді. Бір жағынан, соңғы жылдары елде дәріхана саны артып, нарық кеңейе түсті. Екінші жағынан, бөлшек сауда көлемі ақшалай өссе де, сатылған дәрі қаптамасының саны азайған. Сонымен қатар нарықтағы айналымның негізгі бөлігі барған сайын ірі дәріхана желілерінің қолына шоғырланып келеді. Бұл дәріхана санының көбеюі автоматты түрде дәрі бағасының төмендеуіне немесе бәсекенің күшеюіне алып келмейтінін аңғартады.
Pharmreviews.kz жариялаған талдауға сәйкес, ең көп дәріхана Алматыда шоғырланған – шамамен 1300 дәріхана. Одан кейін Астана келеді, мұнда 1000-ға жуық дәріхана жұмыс істейді.
Соған қарамастан, нарықтағы негізгі ақша айналымын тәуелсіз дәріханалар емес, ірі желілер қалыптастырады. Қазақстан бойынша бөлшек тауар айналымының 72%-ы желілік дәріханалардың үлесіне тиесілі болса, тәуелсіз дәріханалар небәрі 28%-ын ғана қамтамасыз етеді.
Өңірлер арасында бұл айырмашылық одан да айқын байқалады. Мысалы, Түркістан облысында дәрі-дәрмек сатудан түсетін айналымның 98%-ы желілік дәріханаларға тиесілі. Ал Ұлытау облысында тәуелсіз дәріханалардың үлесі 45%-ға жетеді. Бұл өңірде шағын жеке дәріханалардың позициясы әлі де салыстырмалы түрде күшті екенін аңғартады.
Сатылым құрылымы да қызық көрініс береді. Ақшалай айналымның 70%-дан астамын бағасы 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейінгі дәрі-дәрмектер ұстап тұр. Ал сатылған қаптама саны бойынша көшбасшы – 100-500 теңге аралығындағы дәрілер, олардың үлесі 44%. 1-3 мың теңге тұратын препараттардың үлесіне 26% тиесілі.
Бұл деректер дәріханалардың көп болуы өздігінен нарықтағы бәсекенің жоғары екенін білдірмейтінін көрсетеді. Керісінше, бөлшек саудадағы негізгі айналым барған сайын ірі желілердің қолына шоғырланып келеді.
«СҚ Фармация» дәрілердің 91%-ын делдалдан алады
2025 жылы Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит фармацевтика жүйесінің өндірістен бастап мемлекеттік сатып алуға дейінгі барлық кезеңінде бағаның өсуіне ықпал ететін жүйелік мәселелер бар екенін көрсетті.
ЖАП-тың қорытындысына сүйенсек, Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткенмен, оның 84%-ын импорттық өнімдер алып тұр. Соңғы үш жылда мемлекет салаға 148 млрд теңге көлемінде түрлі жеңілдіктер мен қолдау көрсеткен. Соған қарамастан, отандық өндірушілер жеткізетін дәрі-дәрмек атауларының саны 968-ден 507-ге дейін, яғни шамамен екі есе азайған.
Аудит дәрі бағасының қалыптасу тізбегін сынады. Жаңа препарат «СҚ Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы сатып алыну үшін бірнеше рәсімнен өтуі қажет. Осының салдарынан көптеген сатып алу рәсімі жалғыз жеткізушінің қатысуымен өтеді. Жоғары аудиторлық палата мұндай шектеулер бағаның негізсіз өсуіне ықпал ететінін мәлімдеді. Тексеру барысында бөлшек нарықтағы үстемеақы 172%-ға, ал бюджет есебінен сатып алынатын дәрілер бойынша 35%-ға дейін жеткені анықталған. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізіп, үстемеақы шкаласын қайта қарады.
Тағы бір маңызды мәселе – делдалдардың көптігі. 2024 жылы «СҚ Фармация» дәрілердің небәрі 9%-ын ғана тікелей өндірушілерден сатып алған. Ал логистикалық шығындар соңғы үш жылда 60% өсіп, 2024 жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Аудиторлардың бағалауынша, мұндай шығындар да дәрінің түпкілікті бағасына әсер етеді.
Ең алаңдатарлық қорытындылардың бірі – бірдей препараттың бағасындағы айырмашылық. Жоғары аудиторлық палата ең қымбат 15 дәрі бойынша мемлекеттік сатып алу бағасы мен бөлшек нарықтағы баға арасындағы айырмашылық кей жағдайда 600%-ға дейін жеткенін хабарлады. Аудиторлар мұны тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрілердің заңсыз есептен шығарылып, бөлшек сауда желілеріне түсу қаупімен байланыстырды.
Таңбалаудың тауқыметі
Осы саланың ардагері, 2013 жылға дейін Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментін басқарған Әліпқали Бисекешовтің пікірінше, Қазақстанда дәріхана санының көбеюі дәрі бағасының арзандауына автоматты түрде алып келмейді. Оның айтуынша, бұған саланы реттеу талаптарының өзгеруі, делдалдардың көбеюі және дәріханаларға жүктелген қосымша шығындар әсер етеді.
- Бұрын дәріхана ашуға қойылатын талап әлдеқайда қатаң еді. Дәріхананы негізінен жоғары білімді провизорлар ғана басқаратын. Ауылдық жерде екі дәріхананың арасы кемінде екі шақырым, ал қалада 500 метр болуы керек деген талап болатын. Қазір ондай шектеулер жоқ. Бір тұрғын үйдің астында 2-3 дәріхана қатар орналасқанын көресіз, - дейді ол.
Сондай-ақ ол кезінде провизорлар мен фармацевтер 5 жыл сайын аттестациядан өтетінін тілге тиек етті.
– Қазір ондай талаптың барын естімеймін. Кейде өзім дәріханаға бара қалсам, кейбір мамандардың кәсіби даярлығының бұрынғы деңгейде емес екенін байқаймын. Мысалы, бүгінде Маңғыстау облысында 400-ге жуық дәріхана бар. Меніңше, бұл - өте көп. Кеңес заманында бүкіл облысты небәрі 35 дәріхана қамтамасыз ететін. Соның өзінде халық дәрісіз қалған жоқ.
Тағы бір мәселе – дәрінің бағасы. Біз кезінде елімізде жоқ препараттарды шетелдік өндірушілермен тікелей келісім жасап сатып алатынбыз. Қазір «СҚ Фармация» көп жағдайда өндірушінің өзімен емес, делдалдар арқылы жұмыс істейді. Делдал көбейген сайын баға да өседі.
Оған қоса соңғы жылдары дәрілерді міндетті таңбалау сияқты жаңа талаптар енгізілді. Оның өзі дәріханаларды қосымша техника алуға, жаңа маман жалдауға мәжбүрледі. Мұның бәрі – қосымша шығын. Ал кез келген қосымша шығынның түбі дәрінің бағасына қосылады. Сондықтан мәселе дәріхананың көп немесе аз болуында емес, бүкіл жүйенің қалай ұйымдастырылғанында, – дейді Әліпқали Бисекешов.