Елде діни нысандардың қауіпсіздік талаптары қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы мешіттер мен шіркеулердің терроризмге қарсы қорғанысы күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

кесене
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі терроризм тұрғысынан осал діни ғимараттар мен құрылыстарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжат 2023 жылғы 17 шілдеде қабылданған, діни қызмет саласындағы нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіткен №284-НҚ бұйрығына өзгерістер енгізуді көздейді.

Түсіндірме материалдарға сәйкес, жоба 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту мақсатында әзірленген.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер құқықтық сипатқа ие және елдің жаңартылған заңнамасына сәйкес қолданыстағы нормаларды өзектендіруге бағытталған.

Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылғы 15 маусымға дейін «Ашық НҚА» порталында жалғасады.

Бұған дейін елімізде террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 17 адам сотталғанын жазған болатынбыз.