Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елде қандай тері аурулары тегін емделеді

АСТАНА. KAZINFORM — Тері аурулары дәрігерге жиі қаралуға себеп болатын дерттің бірі. Ал жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) көп жағдайда ұзақ уақыт ешқандай белгі бермейді. Қазақстанда дерматовенерологтың қабылдауы, қажетті тексерулер мен емдеу қай жағдайда тегін көрсетіледі? Kazinform тілшісі осы мәселені анықтады. 

Қазақстанда қандай тері аурулары тегін емделеді
Фото: Kazinform

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 32-бабында азаматтардың денсаулығын қорғауға және заңда белгіленген жағдайларда тегін медициналық көмек алуға құқығы бекітілген. Бұл кепілдік тері аурулары мен жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға медициналық көмек көрсетуге де қолданылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бөлімінің меңгерушісі Сәния Оспанованың айтуынша, тері аурулары мен ЖЖБИ кезінде тегін диагностика мен ем кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетіледі.

Ең алдымен, бұл эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті әлеуметтік маңызы бар жұқпалы ауруларға, оның ішінде мерезге (сифилис), сондай-ақ арнайы емдеуді және тұрақты бақылауды қажет ететін кейбір ауыр созылмалы дерматоздар мен тұқым қуалайтын тері ауруларына қатысты.
Ал басқа тері аурулары мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша тегін медициналық көмектің көлемі әр пациентке жеке айқындалады. Бұл диагнозға, медициналық көрсетілімге, көрсетілетін көмектің түріне, жолдаманың болуына және пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне байланысты. Ал шұғыл медициналық көмек сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

— Көп жағдайда бейінді маманның қабылдауына алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің жолдамасымен барады. Дегенмен дерматовенерологиялық аурулары бар пациенттер жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз-ақ дерматовенерологқа тікелей жүгіне алады. Бірақ бұл барлық тексеру мен ем автоматты түрде тегін көрсетіледі дегенді білдірмейді. Қызметтің қаржыландырылуы диагнозға, медициналық көрсетілімдерге, пациенттің сақтандыру мәртебесіне және қажетті қызметтің ТМККК немесе МӘМС пакетіне енуіне байланысты шешіледі, — дейді Сәния Оспанова.

Бүгінде Қазақстанда дерматовенерологиялық көмек бірнеше деңгейде көрсетіледі. Алдымен ауру алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде анықталады. Қажет болған жағдайда пациент аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейдегі мамандандырылған медициналық ұйымдарға жіберіледі.

Өңірлерде көпбейінді ауруханалар жанынан дерматовенерологиялық кабинеттер, бөлімшелер мен мамандандырылған орталықтар жұмыс істейді. Ал Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы саланың ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысын үйлестіріп, мамандар даярлаумен қатар, пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

Ауыл тұрғындарына алғашқы көмек дәрігерлік амбулаторияларда, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерде көрсетіледі. Қажет болған жағдайда олар аудандық немесе облыстық дерматовенерологтарға жолданады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін телемедицина арқылы кеңес беру, көшпелі қабылдаулар мен жылжымалы медициналық кешендер кеңінен пайдаланылып келеді. Жаңадан ашылған ауылдық алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары да телемедициналық кеңес беруге қажетті жабдықтармен жабдықталған.

Соған қарамастан, өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі әлі де әркелкі.

— Тұрғылықты жерде кеңес алып, алғашқы тексеруден өтіп, бастапқы ем қабылдау мүмкіндігі жылдан-жылға артып келеді. Алайда күрделі зертханалық зерттеулер, фототерапия, ауыр созылмалы дерматоздарды емдеу және стационарлық көмек негізінен облыстық, қалалық медициналық ұйымдар мен республикалық ғылыми орталықта көрсетіледі. Сондықтан мұндай көмектің қолжетімділігі өңірдегі бейінді мамандардың жеткіліктілігіне, медициналық жабдықталуына, көлік қатынасына және пациентті тиісті медициналық ұйымға дер кезінде жіберу жүйесіне тікелей байланысты, — дейді Сәния Оспанова.

Мемлекеттік медициналық ұйымдарда дерматовенерологиялық көмек клиникалық хаттамалар мен қолданыстағы стандарттарға сәйкес көрсетіледі. Диагнозына қарай пациенттерге дерматоскопия, зертханалық және микроскопиялық зерттеулер, бактериологиялық себінді, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға серологиялық және ПТР зерттеулері, ал қажет болған жағдайда биопсия материалына гистологиялық талдау жасалады.

Көптеген мамандандырылған медициналық ұйымда UVA және 311 нм UVB сәулелеріне негізделген заманауи фототерапия әдісі қолданылады.

Ем амбулаториялық жағдайда, күндізгі немесе тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда жүргізіледі. Оған сыртқа жағылатын және жүйелі дәрілік терапия, физиотерапиялық ем-шаралар, шағын медициналық араласулар мен кейінгі диспансерлік бақылау кіреді. Дегенмен кейбір емдеу тәсілдерінің қолжетімділігі қойылған диагнозға, медициналық көрсетілімдерге, пациенттің сақтандыру мәртебесіне, медициналық ұйымдағы қажетті жабдықтың болуына және оның Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жасалған шартына байланысты.

Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары пациенттердің қандай шағыммен жүгінетіні айтарлықтай өзгерген жоқ.

— Көбіне дерматит, экзема, псориаз, безеу және розацеа сияқты терінің қабыну және созылмалы ауруларына шалдыққан адамдар келеді. Сондай-ақ тері мен тырнақтың саңырауқұлақ және паразиттік аурулары, бас терісінің аурулары, меңдер мен басқа да тері түзілістеріне қатысты шағымдар жиі айтылады. Бұдан бөлек, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға күдік туғаннан кейін немесе қорғанусыз жыныстық қатынастан соң тексерілуге келетіндер де аз емес. Мұндай инфекциялар көп жағдайда ұзақ уақыт ешқандай белгі бермейтіндіктен, көбіне тек медициналық тексеру кезінде анықталады. Сонымен бірге ұзақ бақылауды, фототерапияны, жүйелі немесе биологиялық емді қажет ететін ауыр әрі жиі қайталанатын созылмалы дерматоздары бар пациенттердің саны да көбейіп келеді, — дейді Сәния Оспанова.

Оның айтуынша, Қазақстанда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу мен оларды ерте анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Дерматовенерологиялық көмек көрсету стандарты мұндай инфекцияларды анықтауды, есепке алуды, науқаспен байланыста болған адамдарды тексеруді және қажетті емдеу-профилактикалық шараларды жүргізуді қамтиды.

Қазақстанда АИТВ инфекциясының алдын алу жүйесі аясында құпия тестілеу мен кеңес беру қызметтері қолжетімді. Сондай-ақ медициналық көрсетілім болған жағдайда байланысқа дейінгі және байланыстан кейінгі профилактика жүргізіледі. Бұл шаралар профилактикалық және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, қоғамдағы стигманы азайтуға әрі адамдарды ауруды ерте анықтау үшін дер кезінде маманға қаралуға ынталандыруға бағытталған.

Бұған дейін АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сапасы, ем қабылдауы және қоғамдағы стигма мәселесі туралы жазған едік.