Елде қанша камера жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер органдарының қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жасанды интеллект қаншалықты ауқымды енгізіліп жатыр? Бұл сұраққа Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.
— Ішкі істер органдарына құқықтық тәртіпті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жасанды интеллект технологияларын қолданатын цифрлық жобалар енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, елді мекендерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр (1,5 млн камера есепке алынды, оның ішінде 475 мың камера жедел басқару орталығына шығарылып, іске қосылған). Жол қозғалысы ережесін бұзу жағдайын автоматты түрде тіркеу жүйелері арқылы 7 миллионнан астам құқық бұзу дерегі анықталып, бюджетке 78 млрд теңге өндірілді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, еліміз бойынша шамамен 21 мың бейнекамера жасанды интеллектімен жабдықталған. Олар келесі функцияларды орындай алады:
• бет-әлпетті тану,
• мемлекеттік тіркеу нөмірін тану,
• адамдардың шоғырлануын анықтау,
• қалып қойған заттарды тану,
• тыйым салынған аумақты кесіп өту фактісін анықтау және т. б.
— Бұл камералар террористік тұрғыдан осал нысандарда орнатылған (теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, жол айырықтары, сауда-ойын-сауық орталықтары және т. б.). Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылғы 23 маусымнан бастап ІІМ «EgovMobile» мобильді қосымшасына, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің (Kaspi.kz, Halyk Bank) қосымшаларына жаңа — «Заң мен Тәртіп» сервисін енгізді, — деп аталып өткен ІІМ ақпаратында.
— Бұл қызмет арқылы азаматтар келесі жағдайлар бойынша полицияға жедел түрде хабарлама жібере алады:
• жол-көлік оқиғасы,
• жол ережесін бұзу,
• тұрмыстық зорлық-зомбылық,
• оқыс оқиға,
• балаға қатысты оқиға,
• полиция қызметкерінің әрекетіне шағым және т. б.
Аталған сервисті қолдану аясын кеңейту мақсатында 2025 жылғы 24 қыркүйектен бастап бұл қызмет Еуразиялық банктің қосымшасында іске қосылды. Қазіргі кезде министрлік қызметкерлері техникалық мамандармен бірлесіп, мобильді қосымшаның функционалын жетілдіру, сондай-ақ келіп түскен өтініштердің орындалуын бақылау тетіктерін қарастыру, кадрлық және қаржылық үдерістерді цифрландыру аясында ЖИ-ассистенттерді енгізу бағытында да нақты қадамдар жасап жатыр. Бұл өз кезегінде кадрларды іріктеуде процестің ашықтығын, тиімділігін және сенімділігін қамтамасыз ететін болады.
Бұған дейін жыл басынан бері теріс себептермен 80-нен астам полицей қызметінен шығарылғанын жазған едік.