Елде көлік, өнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы жаңа жобалар іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің баспасөз қызметі шілде айының басынан бері іске қосылған негізгі жобалар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда өнеркәсіптік әлеуетті нығайту және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Көлік және жол инфрақұрылымы
30 теміржол вокзалы жаңғыртылды: Еліміз бойынша вокзал инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту аяқталды. Шатырлар, қасбеттер мен инженерлік желілер жаңартылып, пандустар, лифтілер және тактильді жолақтар орнатылып, кедергісіз орта қалыптастырылды.
Түркістан облысындағы жол жөнделді: Сауран ауданында облыстық маңызы бар «Түркістан – Кентау – Еңбекші – Диқан» автожолының 4 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілді. Жалпы республика бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың 120 шақырымына асфальт төселді.
Су шаруашылығы және қауіпсіздік
Үлкен Алматы каналы: Д. Қонаев атындағы каналдың 1,5 шақырымдық апатты учаскесі қайта жаңғыртылды. Бұл 33,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз етуді жақсартады.
«Найман» каналы (Түркістан облысы): Ұзындығы 26 шақырым болатын канал жаңғыртылып, су шығынын азайту үшін 75 гидротехникалық нысан салынды.
Киров су қоймасы (Батыс Қазақстан облысы): Тоған ауылында гидротехникалық құрылыстарды жаңарту жұмыстары аяқталып, тасқын суды қауіпсіз өткізу және елді мекендерді қорғау мүмкіндігі күшейтілді.
Өнеркәсіп және инвестициялар
Оптикалық кабель шығаратын зауыт: Kentau Cable Industries кәсіпорны (инвестиция көлемі – 1,7 млрд теңге) жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель өндіреді. Бұл жоғары жылдамдықтағы интернет желілерін дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылды.
ElectroCore электр жабдықтары зауыты: Арнайы техникаға арналған металл шкафтар өндірісі іске қосылды. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Зауыттың жылдық қуаты – 12 мың өнімге дейін. 100 жаңа жұмыс орны құрылды.
Әлеуметтік инфрақұрылым
Ақтөбедегі күрес орталығы: Грек-рим және еркін күреске арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Орталық бір мезгілде 200-ге дейін спортшының жаттығуына мүмкіндік береді.