Елде курьерлерге тұмауға қарсы вакцинаны тегін салдыру мәселесі пысықталып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда маусымдық тұмаудың таралуына байланысты вакцина ектіретіндердің саны артты ма? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.

самокат, ведосипед, курьер
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Вакцина алатындардың санын екіге бөлуге болады, яғни өз бетінше ақылы түрде екпе салдыратындар және 2 миллионнан астам вакцинаны тегін алатындар бар. Осы орайда жыл сайын халықтың 10-11 пайызы вакциналаумен қамтылып келеді. Басқа елдермен салыстырсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 10 пайыздық межеден төмен болмауы керек деген нұсқауы бар, — деді А. Әлназарова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, елімізде түрлі тауарлар мен азық-түлік тасымалдайтын курьерлер мен таксистерге тұмауға қарсы вакцинаны тегін салдыру мәселесі пысықталып жатыр.

— Қазір Ресейдің тәжірибесін қарап жатырмыз. Көрші елде курьерлерді де вакцинамен қамтыды. Осы орайда келер жылы бұл тақырыпты көтереміз, — деді министр.

Сонымен қатар ол міндетті түрде вакцинамен қамтылуы тиіс контингенттің арасында вакцинадан бас тарту жағдайлары жиілеп бара жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде вакцинадан бас тарту — жаһандық мәселе. Қазақстанда да бұл проблема бар. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың сөзіне қарағанда, 2017 жылы вакцина егуден бас тартқандардың санына қарағанда, биыл бұл көрсеткіш 3,8 пайызға өсті. Мәселен, бұрын 5 300 адам екпеден бас тартса, биыл олардың саны 20 мыңға жуықтады. 

Тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары бүкіл республика бойынша 15 қыркүйекте басталады.

Соңғы жаңалықтар