Елде МӘМС аясындағы қызмет көрсетушілерге жаңа талаптар енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС пен ТМККК жүйесіндегі қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды күшейтеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

МӘМС пен Шипагер
Коллаж: Kazinform/Freepik

Денсаулық сақтау министрлігі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжат медициналық ұйымдарды есепке алу қағидаларын жетілдіруді көздейді және медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жобаға берілген түсіндірмеде ұсынылып отырған өзгерістер ТМККК және МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін барлық медициналық ұйымдар үшін бірыңғай әрі ашық талаптар қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындардың өңіріне қарамастан сапалы медициналық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілген.

Атап айтқанда, жоба аясында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес бірқатар нормалар жаңартылмақ. Соның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспары ұғымы нақтыланады.

Сонымен қатар ТМККК мен МӘМС аясында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға қойылатын бірыңғай талаптарды бекіту ұсынылып отыр. Олар қажетті материалдық-техникалық базаның, заманауи медициналық жабдықтардың, жеткілікті кадрлық әлеуеттің болуын және белгіленген стандарттардың сақталуын қамтиды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгерістерді іске асыру медициналық ұйымдарды есепке алу жүйесінің ашықтығын арттыруға, адал қызмет көрсетушілер үшін тең жағдай жасауға, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ведомство ұсынылып отырған түзетулер пациенттердің медициналық көмек алу құқығына әсер етпейтінін, медициналық қызмет көлемін қысқартуды көздемейтінін және азаматтарға қосымша міндеттемелер жүктемейтінін атап өтті.

Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау «Ашық НҚА» порталында 2026 жылғы 17 маусымға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы отандық дәрі-дәрмек өндірісі 39,8%-ға жеткенін жазған болатынбыз.