Елде ішек инфекциясымен сырқаттану 2,2%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл басынан бері 7,4 мыңнан астам ішек инфекциясы тіркелді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі баспасөз қызметі.
2026 жылдың жеті айында Қазақстанда жіті ішек инфекциясының (ЖІИ) 7 459 жағдайы тіркелді. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сврқаттанушылық 2,2%-ға төмендеді.
— Жіті ішек инфекциялары жаз мезгілінде инфекциялық аурулардың өзекті топтарының бірі болып қала береді. Ауа температурасының жоғары болуы азық-түлік өнімдері мен суда инфекция қоздырғыштарының көбеюіне қолайлы жағдай жасап, жұқтыру қаупін арттырады. Ішек инфекциясымен ауырғандардың үштен бірінен астамын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, — дейді мамандар.
Тіркелген әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, індетке қарсы іс-шаралардың толық кешені жүзеге асырылады. Негізгі міндет — инфекцияның таралуына ықпал ететін ықтимал факторларды анықтап, оның одан әрі таралуына жол бермеу.
ЖІИ таралуының негізгі факторлары ретінде ластанған азық-түлік өнімдері, сапасыз ауызсу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамау қалып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі ішек инфекцияларынан қорғанудың ең тиімді тәсілі қарапайым профилактикалық шараларды сақтау екенін еске салады.
ЖІИ-дің алдын алу үшін:
- қолды сабынмен үнемі жуу;
- тек қауіпсіз ауызсуды пайдалану;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;
- азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау;
- өнімдерді тек белгіленген сауда орындарынан сатып алу;
- рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау ұсынылады.
— Аурудың алғашқы белгілері — жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы немесе дене қызуының көтерілуі байқалған жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше ем қабылдамау қажет, — деп ескертті ақ халаттылар.
Бұған дейін Шымкентте 200-ден астам бала ішек инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды.