Елде жалған хабарлама таратқан жасөспірімдер 5 жылға сотталуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда терроризм туралы жалған хабарлама таратты деген күдікпен 14-17 жастағы төрт жасөспірім ұсталды. Бұл туралы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты. 

мобил телефон
Фото: Азертадж

Оның сөзінше, жасөспірімдер ұзақ уақыт бойы елдің әр өңірінде жалған хабар таратып келген.

— Қазір олардың Астана, Шымкент, Тараз, Атырау, Ақтау қалалары мен Алматы облысында тіркелген 20-дан астам дерекке қатысы бары анықталды. Тергеу жалғасып жатыр, — деді Жандос Сүйінбай.

Департамент басшысы мұндай әрекет ауыр қылмыс саналатынын ескертті. Оның айтуынша, Қазақстанда терроризм туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.

— Мұндай қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 мың АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Биыл бұл сома 21 млн 625 мың теңгеге тең, — деді ол.

Сондай-ақ, ол жалған хабарламаларға байланысты оқиға орнына шыққан шұғыл қызметтердің шығыны да кінәлі тараптан өндірілетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 20 млрд теңгеге жеткені хабарланған еді.