Елде жеке меншіктегі үй салынбайтын болса, республикадағы құрылыстың көлемі 2 есеге кемиді - Қ.Айтаханов
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда бүгін ерекше назарды қажет етіп отырған мәселелердің бірі - жер саясаты. Жер қай мемлекеттің болмасын, қай уақытта болмасын - басты байлықтарының бірі болып келген және солай болып қала да бермек.
Ретімен қолдана білсең, жер басыңа баспана, тойып ішер асың, қыруар қаржы табуға мүмкіндік беретін байлық көзі. Осыған байланысты болар жердің айналасында қашанда талас-тартыс та, дау-дамай да, жемқорлық та, аляқтық та қатар жүрген. Өкініше қарай, теңдессіз осы байлық жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған, ал халқы небәрі 16 миллионды құрайтын Қазақстан сияқты елде де өзекті мәселе. Осыған қарай бүгін сенаторлар Жер ресурстарын басқару агенттігінің жуырда ғана тағайындалған жаңа басшысы Қадырхан Отаровты шақырып, осы салада атқарылып жатқан шаралар жөнінде пікір алмасты.
Депуаттар алдында өзі басқарып отырған ведомство жұмыстарының жемісті нәтижелерімен таныстырған Қ.Отаровтың деректеріне қарағанда, бұл салада көңіл қуантарлық жәйттер жетерлік. Атап айтқанда, былтыр агенттік өкілдері елдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы ревизия жүргізсе, биыл агенттік өкілдері елдегі 30 миллионнан астам гектар ауыл шаруашылығына арналған жерлерді түгендеуден өткізбекші. Бұл ретте елдегі жерлердің кімнің иелігінде екендігіне ғана емес, жерді кім алып, онымен қандай жұмыс жүргізіп жатыр, жеке иеліктегі жердің жағдайы қалай деген сыңайдағы кең ауқымды, кешенді мәселелер қамтылмақшы. Аталмыш жұмыстар алдағы үш жыл бойына жүргізіліп, осы үш жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығына арналған 90 миллион гектар жердің барлығы кешенді бағалаудан өтеді.
«Осыған байланысты біз бүгінгі қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуді қалаймыз. Бұл бағытта біз өзіміздің ұсыныс, пікірлерімізді дайындадық. Тіпті арнайы жұмыс тобы құрылып жұмыс істеуде. Біз биылғы жылдың екінші жартысында осы ұсыныс, пікірлерімізді Парламент өкілдеріне ұсынамыз деген ой бар. Бұдан өзге ауқымды шаруаның бірі жеке меншікке үй салу үшін жер берумен байланысты болып отыр. Бұл жағдайды сараптайтын болсақ, қазір еліміздің 1 миллион 200 мың азаматы үй салу үшін жер сұрап өтініш білдірді. Солардың 30 пайызына осы уақытта жер беріліп үлгерді де. Ал қалған 900 мың адамның бүгінгі күнге дейін өтініштері қанағаттандырылмады. Бұның өзіндік себептері бар. Ал жер сұрап отырған азаматтардың басым көпшілігі жерді ауылдан емес қаладан немесе қала маңынан алудан дәмелі. Бұл дегеніңіз бізге қазір зор көлемде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерлер қажет деген сөз. Түйіндеп айтқанда, бізге қазір қажетті жер аумақтарына инфрақұрылым орнату маңызды әрі күрделі міндет болып отыр», - дейді агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар да заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуді қажет етеді. Сол себепті агенттік өкілдерінен құрылған арнайы комиссия қызу жұмыс үстінде және олар да өздерінің құзырындағы мәселелер бойынша ұсыныс, пікірлерін дайындауда. Бұл ұсыныстар да екінші жартыжылдықта Парламент депутаттарының назарына ұсынылмақ. Агенттік сонымен қатар қазір өздеріне қажетті мамандардың тапшылығын да сезініп отырған көрінеді. Бұған қоса, қазір жердің құнарлылығын сақтап қалу мен жерді тиімді пайдалану жөнінде бағдарлама дайындап, кейінірек оны жүйелі түрде жүзеге асыру мәселесін қолға алу да маңызды.
Қ.Отаров атап өткен маңызды мәселелердің бірі республиканың көптеген азаматтары осыған дейін баспана салу үшін мемлекеттің қамқорлығының арқасында жер алды. Бұл жерлер басқа емес тап осы баспана салу үшін берілгендіктен алынған жерлердің біразына баспана салынды немесе баспана салына бастады. Яғни жер игеріліп, өзінің бастапқыда жоспарланған міндетін атқарды. Алайда осындай жеңілдіктерді пайдаланып, «жұмыртқадан жүн қырыққан» пысықайлар мен ашкөз алаяқтар да қарап отырған жоқ. Олар жерді баспана саламын деген желеумен алып, ол жерлерді пайда табу үшін басқадай мақсаттарға пайдалану жағдайлары орын ала бастады. Ендігі күні ондай жымысқы әрекеттердің жолы болмайтын болды. Себебі енді олар тыңғылықты тексеруден өтіп, игерілмеген жерлер мемлекеттің иелігіне қайтарылмақ. Осылайша, депутаттармен жүздескен Жер ресурстары агенттігінің төрағасы сенаторларды осы салада атқарылып жатқан жұмыстардан жан-жақты хабардар етіп, еліміздің жер ресурстарын реттеуге бағытталған заңдарының елдің игілігіне қызмет етіп жатқандығына сендірді.
Дегенмен жер мәселесіне келгенде Сенат депутаттарын толғандырып отырған жәйттер де жетерлік болып шықты. Сенатор Қуаныш Айтахановтың сөзінше, осы уақытқа дейін Жер кодексіне байланысты Парламент бірнеше заң қабылдаған. Солардың кейбірінің жағдайы алаңдатып отырған көрінеді. «Біз 2011 жылы 20 шілдеде жер қатынастарын реттеуге қатысты заң қабылдадық. Онда елді мекендерге жеке меншікке берілетін жердің көлемін белгілеу құзыры жергілікті атқарушы органдарға берілген болатын. Бұл міндетті бұрын үкімет атқарып келді. Алайда осы заңның қалай және қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқандығы арада 9 ай өтсе де белгісіз. Бұл халыққа өте керек дүние. Тағы бір назар аударарлық жәйт, жеке меншіктегі үй салуға қатысты. Қазіргі таңда құзырлы орган өкілдері арасында «жерге кезекте тұрған азаматтар саны көп, ал берілетін жер жоқ немесе олардың инфрақұрылымдары талапқа сай емес» деген сылтаумен «жерді жеке меншік үй салу үшін берудің қажеті жоқ» деген сияқты пікірлер пайда бола бастады. Бұл түбегейлі қате пікір», - дейді сенатор.
Ол келтірген мәліметтер бойынша, елімізде биылғы жылдың өзінде 6,5 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұл Елбасының Жолдауында да айтылды. Соның 43,7 пайызы жеке меншіктің есебінен салынып отыр. Егер елде жеке меншіктің есебінен жер берілмесе, жеке меншіктегі үй салынбайтын болса, республикадағы құрылыстың көлемі 2 есеге кемімек. «Біз ел азаматтарына үй салу үшін жеке меншікке жер бермей, баспана мәселесін шеше алмаймыз. Сондықтан жерді керісінше, жеке меншікке беру керек. Ал осы жеке меншікке берілетін үйлердің инфрақұрылымын назарға алып, тиісті көлемде қаржы бөлініп жатса, бұл үлкен игі іс болады. Қорыта келгенде, қазір бізге жеке меншіктегі жерге үй салуды барынша дамыта беру керек. Бұл біріншіден мемлекетке арзан. Ал жеке меншік болмайтын болса, тұрғындарға қажетті баспананы салу міндеті толықтай мемлекеттің міндетіне көшеді. Бұл агенттік өкілдерін ойландыруы тиіс міндет деген ойдамын», - деп қорытты сөзін сенатор.
Бұл пікірді Сенаттың Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев те қолдады. Баспана салу жеке меншікке жер беру мәселесінде ауылдық аймақтарда біршама проблемалар бар. Ал қалалық жерде одан бас тартуға болмайды. Жалпы алғанда 20 жылда мемлекетіміздің жинаған қоры жеткілікті. Оның үстіне экономикамыз да айтарлықтай ілгеріледі. «Сондықтан бұл мәселелерді жергілікті атқарушы органдар да шешуге қауқарлы», - деп қорытты отырысты Б.Жылқышиев.