Елде ЖИ мен цифрлық инфрақұрылымға басымдық берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесуде Қазақстанның ЕҚДБ-мен стратегиялық әріптестігінің перспективалары, оның ішінде басым салалар талқыланды. Банк жұмысының барлық кезеңінде елімізде $12 млрд-тан астам сомаға 345 жобадан тұратын пул құрылғаны атап өтілді.
Халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылдың жаңа форматы қаралды: енді жұмысты Премьер-министрдің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі реттейтін болады.

Үкіметтің бірлескен бастамаларды үздіксіз жүзеге асыру үшін қолдауды қамтамасыз етуге әзірлігі атап өтілді.
Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадинмен кездесу барысында цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және Қазақстанда VEON Group бірлескен жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Beeline Kazakhstan компаниясының 11 млн-нан астам абонентке қызмет көрсетуге және цифрлық инклюзия мен цифрлық сауаттылықты арттыру жөніндегі бастамаларға қатысуға қосқан үлесі атап өтілді.
Премьер-министр Үкіметтің қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін растады және салалық министрліктерге айтылған ұсыныстарды, соның ішінде ЖИ және цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жаңа инновациялық жобаларды пысықтауды тапсырды.
Айта кетелік Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізген еді.