Елде жол сапасына қойылатын талаптар өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол сапасын бағалауға қойылатын нормативтік талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған жергілікті жолдарда жүргізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері де негіз болып отыр. Бұл туралы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы хабарлады.

Түркістан
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау және құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлттық жол активтері сапасының орталығының жұмысын да күшейтуді тапсырды.

— Жол инфрақұрылымының сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді. Жолды жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында сапаны бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қажет, — дейді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы.

Орталық мамандары жол-құрылыс материалдарының сапасын зертханалық сынақтар арқылы бағалайды, орындалған жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді, технологиялық бұзушылықтар мен ақауларды анықтайды.

2026 жылдың басынан бері жергілікті жолдарда 15 мыңнан астам жол-құрылыс материалының сынамасы зерттелді. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған: оның 214-і жойылып, 1 783-і әлі жойылған жоқ.

Бұл көрсеткіштер жол сапасын бақылаудың маңызын ғана емес, анықталған сәйкессіздіктерді уақтылы жоюдың және сапаны бағалауда нақты әрі бірізді талаптардың болуының қажеттігін көрсетеді.

— Осы тұрғыдан алғанда, нормативтік базаны жетілдіру жол саласындағы жүйелі өзгерістердің маңызды бөлігі саналады. JOLSAPA өз кезегінде нормативтік талаптарды әзірлеуші орган ретінде емес, жол сапасын бақылау барысында нақты тәжірибеде кездесетін мәселелерді анықтап, саладағы талаптар мен сапаны бағалау тәсілдерін жетілдіру қажеттігін көрсететін кәсіби буын ретінде жұмыс істейді, — делінген ресми хабарламада.

Осы мәселе жақында өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» семинар-кеңесінде де талқыланды. Үш күндік іс-шара барысында жолдарды жоспарлау, диагностикалау, жөндеу және жобалау мәселелерімен қатар, жол саласында қолданылатын нормативтік талаптарға да ерекше назар аударылды.

Талқылау кезінде қолданыстағы нормативтік құжаттардағы талаптардың өзара алшақтығы көтеріліп, оларды кешенді түрде қайта қарау қажеттігі айтылды. Мұндай жұмыс жол жұмыстарын және қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Астана–Теміртау жолының 16 шақырымы жаңартылды: 9 кірме жол жасалды.

Рахман қайнарына апаратын жол екі сағатқа қысқарды.