Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елдегі университеттер атына лайық болмаса, олар колледж деңгейіне түсіріледі - Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов

АНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елдегі университеттер атына лайық болмаса, олар колледж деңгейіне түсіріледі.

Елдегі университеттер атына лайық болмаса, олар колледж деңгейіне түсіріледі - Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов

Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2011 жылғы 28 қаңтардағы ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіруге арналған жиын барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

«Білім және ғылым министрлігіне келгенде ең өзекті мәселенің бірі кәсіптік-техникалық білім беруге қатысты болғаны белгілі. Біз индустриялық-инновациялық стратегия туралы айта келе, кадрлармен қамтамасыз етуді де жоғары деңгейде ұйымдастыруға тиіспіз. Кадрмен қамту өте әлсіз. Сондықтан да, Елбасы жолдауында осы мәселеге назар аударылып, бұған бизнес пен жұмыс берушілерді де тарту мәселесі қарастырылды. Ал мамандарды сертификаттауды сол жұмыс берушілерге беруіміз керек. Өйткені, маман соларға керек», - деді Б. Жұмағұлов.

Сонымен қатар, министр жоғары білім беру саласына қойылған міндеттерге тоқтала келе, атқарылатын шараларға да назар аударды. «Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта жоғары оқу орындарын жіктеуге кірісетін боламыз. Бұл ретте оқу орындары 6 сатыға бөлінеді. Атап айтсақ, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеті, университеттер, академиялар, институттар секілді сатыдан тұрады. Сондықтан да, еліміздегі университеттердің деңгейі институт пен академияның деңгейіне де іліне алмаса, атына заты сай болмаса, оларды колледж деңгейіне түсеретін боламыз», - деді Б. Жұмағұлов.