Елден заңсыз шығарылған ақшаны қайтару үшін заңнаманы жаңарту қажет – сарапшы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының жетекшісі Дәулеткерей Рахметулин заңсыз шығарылған ақшаны елге қайтару қаншалықты мүмкін деген сауалдың төңірегінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықаралық шарттар бойынша Үкіметтер деңгейінде келіскен мәселелер болса, кезең-кезеңмен заңсыз шығарылған ақшаны қайтару мүмкін негізі. Бірақ ол ақша қандай тәсілмен шығарылған деген сұрақ бар. Бизнеске салған ақша ретінде шетелде жұмыс істеп жатқан кәсіпорын болса оның жөні бөлек. Ал егер Кипр сияқты елдердің банкіне салынған ақша болса, онда тыңнан жол салып, прицендент жасау керек болады. Яғни, бұл үшін Үкімет басшысының немесе Президенттің жаңа Жарлығы керек сияқты. Қылмыстық кодекске немесе Азаматтық кодекске осындай жаңа бапттар енгізу керек», - дейді құқық саласының ардагері.
Сарапшы заңсыз шығарылып кеткен ақша бір ғана пәрменді құжаттың күшімен қайта салмайтынын айтты.
Ол үшін нормативтік база қайтадан сүзгіден өтіп, заңсыз ақша шығарумен қатысты тыңғылықты пысықталуы қажет көрінеді.
«Егер ақша аудару кезінде қылмыстық әрекет болса, яғни түпкі ойында халықтың ақшасын алып кету, басқа мемлекеттің мүддесіне жұмсау болғаны дәлелденсе, «өзімізге қаражат өте қажет болған тұста сыртқа жұмсады» деген негізбен Азаматтық кодекс аясында да, Әкімшілік кодекс аясында да реттеуге болады.
Қысқартып айтқанда, бұл мәселемен құқық қорғау органдары жұмыс істеуге қабілетті болуы үшін Қылмыстық кодексте, Азаматтық кодексте, Әкімшілік кодексте реттейтін баптар болуы керек.
Қазіргі заңнаманың диспозициясында осы мәселені қозғайтын баптар бар. Сол баптардың жұмыс істеуін прокурорлар қадағалап, құқық қорғау органдарына ұсыныс тастап отыруы қажет. Ақшаны сыртқа заңсыз шығару әрекеті байқалған кезде бірден прокуратура әлгі кәсіпорынның басшысы бойынша ұсыныстар жасауы керек», - дейді Дәулеткерей Рахметулин.
Жалпыұлттық қозғалыстың жетекшісі заңсыз аударылған ақшаны ұстап отырған қаржы ұйымдарының да өзіне түскен капиталды оңайлықпен жібере салмайтынын еске салды.
«Байлықты сыртқа тасу деген қазақтың мінез-құлқында бұрын болмаған ғой. Заңда мұндай әрекеттердің гипотезасы болады. Ақшаны шығарудағы түрпкі мақсаты, қандай іске, қандай шоттарға аударылғаны мұқият қадағалануы керек. Ол әрекет қылмыс па, жоқ қылмысқа жатпай ма деген мәселенің басын ашып, әрекет иесіне шығу керек.
«Сіз мынадай ұйыммен жұмыс істепсіз. Шетелдік банкте осынша ақшаңыз бар екен. Қазіргідей қиын жағдайда соны елге әкелгеніңіз дұрыс» деп ұсыныс жасалуы керек. Ол ұсынысты орындамаған жағдайда қылмыстық қудалау, әкімшілік қудалау тетіктері іске қосылуы қажет. Тіпті болмаса азаматтық-құқықтық дау форматында қаралуы шарт.
Біз сыртқы қарызымыз көбейіп кетті деп жүрміз ғой. Соның көбі жеке компаниялардың қарызы. Оның кейбіріне мемлекет кепілдік берген деген сияқты. Шетелдік банктердің баю тәсілі жылдар бойы қалыптасқан. Қалталы бизнесмендерді, қалталы тұлғаларды өздеріне тартудың сан түрлі жолдарын қолданады. Халықаралық банктер, қаржы ұйымдары бұл мәселеде жан-жақты қаруланған. Өз мүдделерін өте сауатты қорғай алады.
Тіпті кейбірі өздеріне неғұрлым қалталы адамдарды тарту үшін «Халықаралық соттар да ақшаңызды қайтарта алмайды» деген сияқты кепілдіктер береді. Сондықтан құқықтық органдар, депутаттар корпусы шетелдік фирмалармен жұмыс істейтін азаматтардың әрекетін ғылыми негізде, қылмыстық құрамын таразылап қарауы керек.
Оффшордағы ақшаны қайтару мүмкіндігі керемет бола қоймас. «Қайтарыңдар» деген Жарлық шыққаның өзінде сол азаматтардың санасына байланысты. Олардың басында не ой бар екенін біз білмейміз», - деді қоғам қайраткері.