Елдің аман, жұрттың тыныш болуы үшін Елбасы мәлімдемесінің маңызы өте зор - С. Абдрахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының Ақтөбе қаласында болған лаңкестік актілерге байланысты мәлімдемесінің маңызы зор. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мәлім етті.

«Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше маңызды мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеде Ақтөбеде орын алған қанды оқиғаға баға берілген. Елдегі жағдай, оның ішінде Ақтөбедегі ахуал мемлекеттің толық бақылауында екендігі айтылған. Қанішерлердің толық қолға түсетіні және заңның талабы бойынша жазасын алатындығы мәлімделген, сонымен бірге Президент өз сөзінде елдің халқы осындай күндерде ынтымақшыл болуға, ауызбірлікшіл болуға, өзінің алдағы күндерге ұмтылған асқақ мұрат  ұстанған ел екенін көрсетуге тиіс екендігін қадап айтты»,-деп тоқталды С. Абдрахманов.

«Мұнымен қоса, мемлекеттің тағдырына, тамырына балта шабуға тырысатын адамдардың қылмысы ең ауыр жазаға лайық деп айтылған. Атап айтқанда, өлім жазасына кесілуі мүмкін екендігі айтылды. Бұл мәлімдеменің маңызы өте жоғары, өйткені Қазақстанда көптеген жылдан бері өлім жазасына мораторий  жарияланған. Әрине, тыныш күнде, ел жайма-шуақ өмір сүріп жатқан кезеңде ол орынды деп ойлаймыз, бірақ мынандай елдің бірлігіне, мемлекеттің ұйысқан тірлігіне қанды қолын салған адамдарға ешқандай кешірім болмауы керек. Өйткені, адам не істегенде де өзінің өлмейтінін, қалай да тірі қалатынын білген кезде, ол ештеңеден тайынбауы мүмкін. Бірақ, өзінің қылмысы үшін ең ауыр жазаға тартылуы, өмірі қиылуы мүмкін дегенді ойлаған кезде, қылмыскерлер кейбір қадамдардан тартынуы ықтимал»,-дейді ол. 

Осы орайда депутат бұндай қылмысқа қарсы қатаң тәртіп керек екенін жеткізді.

«Сондықтан елдің аман, жұрттың тыныш болуы үшін осы мәлімдеменің маңызы өте зор. Ертең, 9 маусым күні елде ұлттық аза тұту күні деп жарияланып отыр. Ол күні бүкіл халқымыз кешегі боздақтарды қайғыра еске салатын болады, ойын-сауық шараларынан бас тартып, елдің бірлігі мен болашағы туралы терең-терең ойлар айтылатын болады»,-деді С. Абдрахманов. 

Соңғы жаңалықтар