Елдің басты құжатын қабылдау біздің тарихымыздағы бетбұрысты оқиға болды - Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов
АТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Қазақстан бүгінде алдына ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өршіл талабын қойып, серпінді дамып отырған ел.
Сондықтан да, әрине, мемлекет пен оның институттарының қызметінде азаматтары өз аясында өмір сүріп отырған Негізгі заң елеулі орын алады. Конституция қарсаңында біз Негізгі заңды жасаудың бастауында тұрған ақсақалдарымыздың бірі - Ұлттық ғылым академиясының басшысы Мұрат Жұрыновты әңгімеге тартып, Конституцияның қалай жасалғаны және оның рөлі мен маңызы туралы айтып беруін өтіндік.
М.Жұрынов - химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ғылым, техника және білім саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бірқатар халықаралық ғылым академияларының мүшесі. ҚР Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Президент жанындағы Ұлттық кеңестің, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшесі, Ислам конференциясы ұйымы елдері Ғылым академиялары қауымдастығының вице-президенті, ЮНЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының мүшесі, «ҚР ҰҒА баяндамалары» журналының бас редакторы.
- Мұрат Жұрынұлы, Конституция күні елдің басты мерекелерінің бірі, осыған байланысты, мемлекеттік басқарудың тиімді негіздерін қалыптастырудағы, Қазақстандағы тұрақтылықты, бостандықты және демократияны қамтамасыз етудегі осы құжаттың рөлі туралы Сіздің пікіріңізді сұрағымыз келеді? 2007 жылы енгізілген түзетулер қандай өзгерістер әкелді?
- Бұдан 14 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған елдің Негізгі заңы тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылымының іргелі ұстанымдарын бекіткені сөзсіз, сондықтан да Конституция және конституциялық құқықтарды қорғау біздің өмірімізде басты рөл атқарады.
1995 жылы Конституцияға дауыс беру арқылы мемлекетіміздің ұзақ жылдарға стратегиялық қарышты дамуын белгілей отырып, халық өзінің бірден-бір таңдауын - бостандық пен демократияны қуаттады. Елдің басты құжатын қабылдау біздің тарихымыздағы бетбұрысты оқиға болды. Уақыт талабына орай Конституциямызға өзгертулер енгізілуі де маңызды, өйткені нақ осы түзетулер бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, сенімділіктің және гүлденудің, сондай-ақ бүгінде «қазақстандық жол» деп аталып жүрген бағытымыздың басты кепілі болды. Негізгі заң әртүрлі идеологиялардың, әртүрлі ұлыстық және азаматтық топтар діндерінің бейбіт қатар өмір сүруінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етті, сондай-ақ азаматтық қоғам құрудың негізін салды.
Түзетулерге келетін болсақ: 2007 жылғы мамырдың 21-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент қабылдаған еліміздің Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойғаны есіңізде болар. Өзгертулер саяси өмірдің дамуына және басқа да салалардағы өзгерістерге жол ашты. Мысалға қоғамдық бірлестіктерді, соның ішінде ҚР Ұлттық ғылым академиясын, Жазушылар одағын және басқаларын тікелей қаржыландыруға мүмкіндік берді, бұл үкіметтік емес ұйымдарды жандандыруға, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланыстарды нығайтуға, халықтың азаматтық белсенділігін арттыруға әкелді.
- Сіз қалай ойлайсыз, Конституция атап айтқанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық қарсаңында, шұғыл өзгеріп отырған бүгінгі күннің шындығына сәйкес келе ме, бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс қатерлерін еңсеруге жәрдемдесе ала ма?
- Менің ойымша, біздің негізгі құжат өзінің өміршеңдігін дәлелдеді және қазіргі қолданыстағы Конституция бүгінгі күннің талабына жауап береді. Ол қатып қалған құжат емес, бұған дейін айтқанымдай, ол өмірде болып жатқан өзгерістерге орай екі рет өзгеріске түсті. Бүгінгі таңда ҚР Конституциясында негізгі ұстанымдар ретінде: қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму және мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу жолдары айқын көрініс тапқан.
Жыл сайын Конституция күнін атап өте отырып, біз өткен кезеңнің табыстарын талдап отырамыз. Әрбір жылдың маңызы сонда, қоғамымыздың алдына міндеттердің тұтас шоғыры қойылып отырады және орындалып келеді, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айтылған мақсаттар, сондай-ақ Қазақстанның әлемнің барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі басты міндетті орындауға бағытталған. Бұл арада Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік экономикаға ойдағыдай ықпалдасу жолымен экономикалық, технологиялық түбегейлі жаңа тұрғыда дамытуды көздеп отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі еліміздің халықаралық беделін одан әрі көтеруге жәрдемдеседі деген сенімдеміз.
Қазақстан Конституциясы әлемдік дағдарыс кезінде де Отанымыздың экономикалық игілігіне, мәдени және рухани дамуына және одан әрі гүлденуіне, сонымен қатар құқықтық жағынан қорғалуымызға сенімді кепіл бола алады. Бұл Конституция ұзақ уақыт өмір сүріп, жасай береді деп санаймын.
- 1995 жылы Сіз осы Негізгі заңды жасауға қатыстыңыз, оның қалай болғанын айтып өтсеңіз?
- 1995 жылы Үкіметтің барлық мүшелері Конституция жобасын әзірлеу үдерісіне қатысты, мен білім министрі едім, біз білім беруге қатысты 30 бапты әзірледік. Сонда жас мемлекетте орта білім қандай болу керек екенін талқылай отырып, өтпелі кезеңнің даулы мәселесіне тап болдық.
Фискальдық органдармен бар болғаны екі-ақ сөз дау туғызды. Бұл сөздер: міндетті және тегін деген сөздер.
Бұл өте ауыр кезең болды, бюджеттің жыртығын түрлі тәсілдермен жамауға тура келді. Мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге ақша жетпей жатты. Бәрімізді толғандырған мәселе: олардың бәрін қаржымен қамтамасыз ете аламыз ба, содан дауласып жүріп, Президенттің алдына жүгіндік. Сол кездегі үлкен өрлеу есімнен кетпейді. Барлығы да жаңа және қажетті мәселелерді енгізуге тырысты, біз мектептерден білімді, ғылымды және тағы басқаларын қалай қолдау керек деген мәселеге орай ұсыныстары мен тілектерін жеткізген көптеген хаттар алдық.
Президент мені шақырып алып, бұл мәселеге орай істің жайы басқа елдерде, мысалға Түркияда қалай шешіліп отыр екен, деп сұрады. Мен Түркиядағы білім жүйесімен таныс болатынмын, өйткені сол кезде Қ.-А.Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің ректоры болып қызмет атқардым. Мен Түркия өте дамыған ел болғанымен, халқының бір бөлігі шала сауатты, өйткені көпшілігі оқу ақысын төлей алмайды. Түркияда тегін білім 4 сыныпқа дейін болатын, соңынан 8-інші сыныпқа дейін тегін білім беруді қамтамасыз ете бастағанын айттым. Пәкістандағы жағдай да осыған ұқсас болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін, оның шешімін Заңға енгіздік: барлығы да орта білім алуға міндетті: міндетті және тегін. Президенттің осы дана шешімі еліміздің білім саласының гүлденуіне негіз қалады.
- Енді соңғы сұрақ: республика экономикасы дамуының индустриялық-инновациялық стратегиясындағы ғылымның орны қандай?
- Өкінішке орай, Одақ тарағаннан кейін біздің индустриялық кәсіпорындарымыз өздерінің алдыңғы шептерінен айырылып қалды, өйткені кеңестік кезеңдегі ғылым мен өндіріс арасындағы көпір жойылды және әлі күнге дейін толығымен қалпына келтірілген жоқ. Қазақстан - индустриялы-аграрлы ел, сондықтан да ғылымды нақ осы бағытта дамыту қажет, алайда отандық ғылымның жетістіктерінің бұларға және өнеркәсіптің басқа да салаларына ендірілуі мардымсыз.
Ғылыми зерттеулер, инновациялар және ғылымды қажетсінетін өндірістер құру Қазақстан экономикасын дамытудың екпінді бағыты болуға тиіс.
Әлемдік қаржы дағдарысының қиын кезеңдеріне қарамастан, ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайып отырғанын, елде кен-геология, металлургия, химия, соның ішінде мұнай-химия, сондай-ақ медицина және ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы жетекші ғылыми мектептер сақталып қалғанын айтуға тиіспін. Дегенмен, республика экономикасын дамытудың индустриялық-инновациялық стратегиясына байланысты біз ақылды экономикаға көшу үшін ғылымды қажетсінетін технологияларды зерттеуге көбірек көңіл бөлуіміз қажет, ал ол үшін жаңа жабдықтар, зертханалар және бұрынғыша - жас кадрлар керек.
- Сұхбатыңызға рахмет, Сізді мерекемен құттықтаймын!