Елдің шығысында ең жоғары орташа жалақы байланыс қызметкерлерінде, ең төменгі - ауылдықтар мен орманшыларда
ӨСКЕМЕН. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың наурыз айында елдің шығысында ең жоғары жалақылар,
атап айтқанда 123,7 мың теңге (орташа облыстық деңгейден 52,9 пайызға жоғары) - ақпарат және байланыс қызметкерлерінде, 114,4 мың теңге (41,5 пайызға) - кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте, 105,8 мың теңге (30,8 пайызға) - қаржылық және сақтандыру қызметінде, 95,6 мың теңге (18,2 пайызға) өнеркәсіпте болды.
Ең төменгі жалақы - 43,5 мың теңге (орташа облыстық деңгейден 46,3 пайызға төмен) ауыл, орман және балық шаруашылықтарының қызметкерлерінде болды. Өнер, ойын-сауық және демалыс жұмыскерлері олардан сәл көбірек алады - 47,9 мың теңге.
Аймақта ең жоғары жалақы Курчатов қаласында - 94,9 мың теңгені, Өскеменде - 92,5 мың теңгені, Риддерде - 87,6 мың теңгені құрайды.
Ең төменгі жалақы Қатонқарағай, Тарбағатай, Көкпекті аудандарында облыс бойынша орташа деңгейден 30 пайызға төмен. ШҚО-дағы орташа жалақының көрсеткіші ағымдағы жылдың наурызында 81 мың теңге шамасында болды.
Облыстың басқа аймақтарында оның көлемі 57 мыңнан 82 мың теңгеге дейін ауытқыды.