Елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр – сарапшы Президент Жолдауы жайында

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында индустрияның тұтас кешенін дамытудың нақты тетіктерін ұсынды. Елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге екпін қойылып отыр. Мұндай пікірді қырғыз саясаттанушысы, «Бердаков Online» Telegram арнасының авторы Денис Бердаков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр – сарапшы Президент Жолдауы жайында

Сарапшының пікірінше, Жолдауда алғаш рет өнеркәсіптік бағдарлама мен жаңа әлеуметтік-экономикалық тәртіпті қисындастыру туралы айтылды. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру мақсатында нақты нарықтық қаржыландыру негізінде ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстыра отырып, агроөнеркәсіптік холдингтерден тау-кен өндірістеріне дейінгі индустрияның тұтас кешенін дамыту бойынша нақты тетіктер ұсынылды.

«Қазақстан әрқашан жан басына шаққандағы алтын-валюта резервінің орасан зор көрсеткіштері бар өңірдегі ең бай ел болды. Шикізатқа ие болып отырған елде бұрын өңдеу және ғылымды қажет ететін өндіріс дамымаған. Енді алғаш рет әскери және азық-түлік егемендігін беретін елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Мұндай саясат өте маңызды. Қайта өңдеу өнеркәсібінің шағын және орта класын құра отырып, Қазақстан өз ресурстарының арқасында өнеркәсіпке де, бүкіл өңір халқына да қажетті қайта өңдеудің әртүрлі дәрежедегі тауарлармен толтыра алады. Бұл бүкіл Орталық Азияның технологиялық егемендігіне апаратын жол. Мұны істеу оңай болмайды. Бірақ ең бастысы - шикізат, саяси ерік-жігер, қаржы, сондай-ақ бейресми Орталық Азия одағының қалыптасуына байланысты салыстырмалы түрде қорғалған өткізу нарықтары бар», - дейді саясаттанушы.

Сарапшы Жолдауда қозғалған маңызды мәселелердің бірі су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы проблемасының маңыздылығы екендігін атап өтіп, Қазақстанда жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуына оң баға берді.

«Су – бұл Орталық Азиядағы алдағы 50-70 жылдағы басты қауіп. Өңірде су ресурстары оларды өте орынды мақсатта пайдаланған жағдайда ғана жеткілікті болады. Сала суды үнемдейтін технологиялары бар қуатты су қоймаларын салу, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, ғылыми зерттеулер арқылы тұқымның жаңа түрлерін енгізу, ылғал сүйгіш дақылдарды аз өсіру сияқты су объектілерін тиімді пайдаланудың жаңа тетіктерін талап етеді. Мұның бәріне капитал қажет. Сонымен бірге ол аймақтың саяси және экономикалық бірлігін, оның жалпы байланысын қамтамасыз етеді. Су шаруашылығы секторына қойылған міндеттерді іске асырумен саланың білікті мамандарымен жасақталған дербес ведомство айналысуы тиіс. Қол жеткізілген меморандумға сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан таяу жылдары Қамбарата ГЭС-1 құрылысы жобасына және бүкіл Орталық Азияға суды сақтауға, оны күзгі-қысқы кезеңдерде аймақты көктем мезгілінде ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ету үшін жинақтауға мүмкіндік беретін бірқатар басқа жобаға елеулі қаржы салуды бастайды деп үміттенеміз», - деді ол.