Елдос өз есімін спорт тарихына алтын әріппен жазды – Ермек Маржықпаев
ПАРИЖ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасында спортшыларымызды қолдауға келген ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Елдос Сметовтің жеңісінен кейін Кazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, өз ойымен бөлісті.

— Ермек Боранбайұлы, бүгін Елдос бауырымыз Олимпиада чемпионы атанды. Сіз чемпион болады деп күттіңіз ба?
— Әрине, Елдостан бәріміз алтын күттік. Бүкіл ел болып оған сенім артты. Міне, өздеріңіз көргендей ол бүгін есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазды.
— Тағы кімдерге үміт артамыз? Алда тағы кімдер осындай алтын жүлдемен қуантады?
— Бізде бүгін Олимпиаданың алғашқы күні. Бір алтын, бір қолаға қол жеткізіп жатырмыз. Негізгі жарыстардың барлығы алда. Боксшыларымыз, балуандарымыз жарысты енді бастайды. Басқа да спортшыларымыз Олимпиаданы бастаған жоқ. Сондықтан, алда әлі талай медальдар күтіп тұр деп сеніммен айта аламын. Елдостың алтыны «беташар алтын» болды деп есептеймін. Бұл өзге спортшыларымызға жұғысты болса екен деп тілеймін.
— Елдосты осы жеңісінен кейін қандай сый-құрмет, сыйақы күтіп тұрғанын айта кетсеңіз?
— Елдосқа қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасады. Ол бүгіннен бастап нағыз елдің ерке баласы болады. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне мемлекеттен арнайы қарастырылған сыйақы бар. Чемпиондар 250 мың, күміс жүлдегерлер 150 мың, қола жүлдегерлер 75 мың АҚШ доларымен марапатталады.
— Әбиба Әбужақынованың жеңілісіне қатысты ойыңызды білсек…
— Әбужақынова өте таланытты спортшы. Ол осыған дейін талай додаларда ел абыройын биіктен көрсете білді. Бұл — жарыс, бұл — Олимпиада. Сондықтан, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Спортшымыз қолда тұрған қоланы уысынан шығарып алды. Сәл сәттілік жетіспей қалды.
— Әңгімеңізге рахмет!