Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елдос Сметов: Ендігі арманым - Олимпиада чемпионы болып, шет елдіктерді тік тұрғызып еліміздің әнұранын тыңдату

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ендігі арманым - 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейра қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында чемпион атанып, шетелдіктерді тік тұрғызып еліміздің әнұранын тыңдату. Сөйтіп, халқымның абыройын асқақтату. Бүгін Алматыда дзюдодан Әлем біріншілігінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі барысында 2015 жылғы әлем чемпионы Елдос Сметов осылай деді.

Елдос Сметов: Ендігі арманым - Олимпиада чемпионы болып, шет елдіктерді тік тұрғызып еліміздің әнұранын тыңдату

Ол таяуда Астанада өткен Әлем біріншілігінде финалдық белдесудің оңай болмағанын жеткізді.

«Финалдық белдесу оңай болған жоқ. Бір жағынан қиналсам, екінші жағынан қуандым. Енді, шетелдік қарсыласыңмен финалға шыққанда «Ақтық айқасқа шыққанда күміс қолда, алтын жолда» деген сөз бар ғой. Ал мұнда татамиге қазақтың екі балуаны шыққандықтан, алтын да күміс те қолда болды. Сол жағына қуандым», - деді Е. Сметов.

Сонымен қатар ол, бүгінгі шараға байланысты өзінің бапкеріне, командалас әріптестерін және дзюдо федерациясы басшылығына алғысын білдіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Бұл жеңіс бапкерлерімнің көмегінсіз жүзеге аспас еді. Сондықтан бапкерлеріме және дзюдоны қолдап жүрген ағаларыма айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Ернар Ыбырайым ағама да ризашылығымды білдіремін. Алда оқу-жаттығу жұмыстары күтіп тұр. Бірқатар жарыстарға қатысу жоспарда бар. Кейін Риодағы Олимпиада. Арманым - Олимпиада ойындарында чемпиона атанып, шет елдіктерді тік тұрғызып еліміздің әнұранын тыңдату. Сөйтіп, халқымның абыройын асқақтату», - деді Е. Сметов.

Айта кетелік, Елдос Сметов 1992 жылы Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданындағы Жалпақсаз ауылында туып өскен. Дзюдомен бес жасынан бері айналысып келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде Тараз қаласында тұрады.