Елдос Сметов Лос-Анджелес Олимпиадасына қатыса ма

АСТАНА.  KAZINFORM – Дзюдодан Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін келесі Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Informsports.kz.

Елдос Сметов
Фото: olympic.kz

Спортшы кәсіби мансабын аяқтау туралы ойынан бас тартып, спортта қалуды ұйғарған.

Тәжірибелі палуан өзінің басты мақсаты — халықаралық аренада еліміздің намысын соңына дейін лайықты қорғау екенін жеткізді.

— Төртінші Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін кәсіби спорттағы мансабымды жалғастыруды жөн көрдім. Қазақта «Алтын шыққан жеріңді белден қаз» деген сөз бар. Менің өмірімдегі және өз саламдағы сол «алтын тапқан жерім» — спорт, нақтырақ айтқанда, дзюдо. Дзюдода бәрі мен қолданатын әдіс-тәсілдерге, яғни оларды бір немесе екі рет сәтті орындауыма байланысты болады. Алтын сол жерде жатыр, мен оны толықтай иеленуім керек. Маған тиесілі, маған қажетті алтынды алуым шарт. Өйткені, мен оған қол жеткізу жолында алтыннан да құнды нәрсені — денсаулығымды құрбан етіп жатырмын, — деді спортшы.

Айта кетейік, Сметов өз мансабында үш Олимпиадаға қатысып, Ойындардың жүлделер жиынтығын толық орындаған: Рио-2016-да күміс, Токио-2020-да қола, ал Париж-2024 додасында ел тарихындағы тұңғыш алтынды иеленген болатын.

Айта кетелік дзюдодан ел чемпионатында кімдер топ жарғаны туралы жазған едік.