Елдос Тоқтарбай: Күншығыс пен Күнбатыс Алашорда деген – қолдан жасалған қате ұғым

Елдос Тоқтарбай
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда Алаштанудың өзекті мәселелері қандай? Алаш қайраткерлерінің Азаттық жолындағы күресі мен ел тарихындағы орны жете зерттелді ме? Kazinform тілшісі алаштанушы-ғалым, Ә. Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Елдос Тоқтарбай сұхбаттасқан еді.

- Елдос, көп жылдан бері Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметін зерттеумен айналысып келесіз, осы бағытта қандай негізгі мәселелерге көңіл бөлесіз?

- Менің негізгі зерттеу нысаным – қарсылық әдебиеті мен түрме әдебиеті, яғни қуғын-сүргінде немесе түрмеде жазылған әдеби шығармаларды тану, зерттеу. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ең келелі тармағы – қарсылық әдебиет үлгілері. Алаш жазушылары ұлтты сүюдің, ұлтқа ақысыз-пұлсыз қызмет қылудың озық өрнегін көрсетті. Айдауда жүрсе де, тар жер түрмеге қамалса да, ұлты үшін күресті. Жұрты үшін басын ауыртып, балтырын сыздатты. Алаштың қарсылық әдебиеті қазақ ұлтшылдығының ең озық үлгі өрнегін тудырды. Алаштың қарсылық әдебиетінде ұлт ұғымы айрықша сипатталды. Қазір докторлық диссертациямның негізінде осы қарсылық әдебиетінің антологиясын, хронологиялық тізбесі мен сөздігін, танымдық картасын даярлап жатырмын. Бұл жұмыс тек қазақ әдебиеті негізінде ғана емес, түркітілдес ағайын халықтардың ХХ ғасыр басындағы көрінісі аясында салыстырылып зерттелді.

Ал қаламгер есебінде һәм перзенттік парыз ретінде ұрпақсыз қалған, елеусіз кеткен ерлерді, белгісіз оқиғаларды жаңғыртуды міндетім деп білемін. Осы мақсатта әйгілі «Мамания» мектебін, Маман Тұрысбек әулетін, қазақ меценаттарын, жекелеген тұлғалардан Барлыбек Сырттанұлы, Ғұбайдолла Бердіұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, Біләл Малдыбайұлы, Біләл Сүлейұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Елеусіз Бұйраұлы сынды көптеген азаматтардың сөнген шырағын қайта жағып, әр жерде қалған сөзін, мұрасын, архивін жиып, өз алдына дербес жинақ ретінде шығарып, насихаттап келеміз.

Елдос Тоқтарбай

Алаш – менің ғұмырлық тақырыбым. Алаштың ақсүйектерін, саяси элиталарын, ұрпақтарының тағдырын зерттеу, зерделеу – менің негізгі бағытым. Әлі айтар, жазар оқиға да, есім де мол. Алла ғұмыр берсе, соңғы деміміз қалғанша Алаш аманатына адалдық танытып, көптеген игі істің басы-қасында жүрерміз... Бәрі де уақыттың еншісінде.

- Қазақстанда Алаш қайраткерлерінің толық тізімі жасақталып бола қойған жоқ, бұл үшін қандай іс шараларды қолға алу керек?

- Өкінішке қарай, біз әлі Алаш зиялыларын толық танып бітпедік. Тізім жасау мәселесі әлі де болса кенжелеп тұр. Бұл – көптің жұмысы. Ахмет ұстазымыз айтқан: «Ұлтқа жұмыс қылуға ниет болса, жұмыс табылады» деп. 1987 жылдан бері ғылыми айналымға небәрі 26 тұлғаның есімі түскен, яғни осы 26 тұлғаның ғана кітабы шықты, есімі анықталды деген сөз. Алаш идеясын тудырған «Қарқаралы құзырхаты» құжатына қол қойып, мөрін басқан 12 747 қазақтың баласын тани алмай тұрып, атылған, сотталған, қуғындалған 25 мың қазақ азаматын тану мүмкін бе?! Әрине, жоқ! Ендеше, біз ең алдымен осы «Қарқаралы құзырхаты» құжатынан бастауымыз керек.
Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларын қолдаған, идеяны дәріптеген ниеттестері мен сенімді серіктерін, миллет қамы деп қолындағы малы мен мүлкін, қаржысын ел болашағына бағыштаған қазақ меценат-байларын анықтау, есімдерін адақтау, өнегелерін насихаттау – тек алаштанушы, тарихшы, әдебиетші ғалымдардың емес, қолына қалам ұстаған журналист, өлкетанушылардың, жалпылай айтсам, баршамыздың шаруамыз. Жаза білген адамның мойнында елі үшін шаһит кетіп, ұрпақсыз қалған жанның һақысы барын ұмытпаған абзал. Біздің жастар мен жасөспірімдер алаш ұранды бабаларын таныған сайын, қазақ ұлтшылдығы қалыптасады, ұлттық болмысы мен рухы қайта жанданады.

- Алаш қайраткерлері патша өкіметі құлаған кезде тыңнан жол тауып, дербес автономия құруға тырысты. Оларды Күншығыс және Күнбатыс Алашорда деп бөліп жазып жүргендер бар. Азаттық жолындағы еңбегін қалай бағалауға болады?

- Күншығыс, Күнбатыс Алашорда деген ұғым – соңғы жылдары қолдан жасалған өте қате ұғым. Алаш заманында тек қана Алаш ұлттық-территориялық автономиясы (республикасы) құрылды. Ал Алаш Орда деген – Ұлт кеңесі еді, яғни Үкімет, министрлер кабинеті. Алаш мемлекетінің республика статусына сай барлық атрибуттары болған. Мәселен, мөр мен мөртабан (штамп). Алаш туы туралы дерек бар. Ал Орда гербі турасында мәселелер талқыланған-ды. Күнбатыс Алашорда деген кейбір мемуарлық естеліктерде қате жазылып кеткен. Анығында, «Алаш Орданың Батыс бөлімшесі» деп аталған. Ұланғайыр қазіргі Қазақстанды не интернет, не көлік логистикасы дамымаған ХХ ғасырдың елең-алаң жылдарында сақтау, жерінің тұтастығын, жер асты, жер үсті байлығын қорғау Алаш азаматтарының мойнына жүктелген ауыр міндет еді. Ұлт көсемдері «Қазақтың жер мәселесі я өлі, я тірі болу мәселесі» дегенді сол жылдары айрықша назарға алды. Қазақ даласының бір уыс топырағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, ұлт-азаттық күресінде аянып қалмады.

Елдос Тоқтарбай

Ақиқатында, Алаш мемлекетін құрған ардақтыларымыз қазіргі егемен Қазақстан республикасының де-факто, де-юро қазығын қағып, негізін қалады. Біз 1991 жылы тек қана Тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік. Советтік Қазақстан сол Алаш мемлекеті негізінде құрылғанын ұмытпаған жөн. Мысалы, Әзербайжан республикасы 1918 жылы Алаш мемлекеті сияқты құрылған. Олар тек 1991 жылы тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік деп Президент актісімен заңдастырып, БҰҰ Жарғысына сай бекіттіріп алғаны бар. Түптің түбінде біз де осындай ірі қадамға баратын боламыз.

Алаш мемлекеті ұлттық мемлекет моделін жасауға тырысты. Бағдарламасын жасап, демократиялық даму жолын таңдап, Еуропа, Жапония сынды өндірісті, жаңа технологиялы мемлекетке айналуды көздеді. Бірақ та қасиетті идеяның орындалуына тарих та, уақыт та, сол кездегі саяси қарсыластардың ұстанған ұстанымы мен идеологиясы мүмкіндік бермеді.

Қазіргі Жаңа Қазақстан сол Алаштың ұлттық мемлекет жобасын сәтті пайдаланса, ең ұтымды жолды таңдар еді.

- Алашорданың ел тарихындағы орнын жеткіншек ұрпаққа түсіндіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- 2017 жылдан бері тек қана жас ғалымдардан бас құраған Qyr Balasy қоғамдық қорын құрдық. Бұл – Алаш бағытындағы білім, ғылым қоры. Алғашқыда Заңғар Кәрімхан, Еркін Рахметуллин, Ұшқын Сәйдірахман сынды үш-төрт жігіт қана болсақ, қазір қор құрамында бес жүзге жуық жас бар. Ең үлкені 38-де, ең жасы 6-да. Қазір қор жанынан Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты, Qyr Balasy баспасы, Qyr Balasy оркестрі жасақталды. Әрқайсысы өзінің жемісті де нәтижелі жұмысын жалғастырып келеді. 7-9 желтоқсан күндері Алматы қаласында Qyr Balasy 5 жылдық мерейтойына арналған «Бостандық берген Ер үшін!» республикалық жас алаштанушылар форумын (Alash Fest) ұйымдастырдық. Алаш ұранды жас ғалымдардың мерекесі. Үш күн ішінде шеберлік сағаттары, тарихи-танымдық дәріс, музейлер мен қасиетті орындарға зиярат жасалды.

Qyr Balasy қоғамдық қорының 3 қала, 17 облыста, тіпті кейбір аудан, ауылдарда өз өкілдігі бар. Өкілдіктегі жас достарымыз өздерінің туған жерінен шыққан Алаш ардақтыларын танып, іздеп, насихаттап жүр.

Елдос Тоқтарбай

Осы бес жыл ішінде қор ұжымы көптеген белгісіз Алаш қайраткерінің кітабын шығарған екен. «Алаш кітапханасы», «Ұлтты оятқан ұлы сөз», «Ұлтымның өр тұлғаларынан өнеге», «Құлыншақ», «Сенің тарихың...» сериялары аясында 88 кітап шықты. Енді жыл сайын Alash Fest, Bala Fest мерекелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жас ғалымдарға арналған «Алаш үміті» сыйлығы (жүлде қоры 1 миллион теңге), стипендиясы ( 250 мың теңге) беріледі. Ал алаш тақырыбында жазатын балалар жазушыларына арналған Сайын Мұратбеков атындағы әдеби сыйлық тағайындалды. Оның да жүлдесі 1 миллион теңге. Биыл «Алаш үміті» сыйлығын Ғазымбек Бірімжан туралы еңбегі үшін жас ғалым Данияр Ихсан, «Алаш үміті» стипендиясын 10-сынып оқушысы Қарақат Сағынышқызы иеленсе, ал Сайын Мұратбеков атындағы әдеби сыйлық бірінші лауреат Арасанбай Естеннің еншісіне бұйырды. Танымал балалар жазушысы Арасанбай Естеннің «Алаштан қалған аманат» атты тарихи тілашар еңбегі сыйлыққа лайықты шығарма ретінде танылды. «Қарлығаштың қанатымен су тасығандай» болсақ та, өз шама-шарқымызға сай қарекет қылып жүрміз.

- Жалпықазақ сьездерінде қозғалған өзекті мәселелер шешілді деп есептейсіз бе?

- Кескекті кезеңдегі қазақ оқығандары үшін ең алдымен туған халқын отарлық пен бодандық езгісінен құтқару керек болды. Өткен ғасырдың басындағы қазақтың соры бес елі еді. Жер мәселесі, тіл мәселесі, дін мәселесі, әйел мәселесі, мектеп мәселесі... шашетектен келетін олқылықтың орнын толтыру, қазақтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, надандық құрсауындағы жұртты ояту үркердей оқығандар тобының мойнындағы ауыр жүк болатын. І, ІІ жалпықазақ құрылтайында мемлекет ісінен бастап, әйел құқы мәселесіне дейінгі бар шаруа жан-жақты талқыланды. Тіпті, біраз бөлігі Қазақстанға Советтер жүйесі орныққанша жүзеге асты. Бастапқы жылдары Советтер үкіметі Ахмет Байтұрсын бастаған бірқатар қазақ зиялыларына рақымшылық жариялап, қызыл билікке қызмет қылуларына мүмкіндік берді. Мүмкіндік берді дегеннен гөрі олардың әлеуетін, күш-қуатын, білімін пайдаланды. Сосын не істегені, оқығандардың өмірлерінің соңы қалай аяқталғанын білеміз. Трагедиялық жағдай...

Қорыта айтқанда, біз, қазіргі ұрпақ Алаш қайраткерлерінің бастап, бітіре алмай кеткен істерін жалғастыруға тиіспіз.

-Әңгімеңізге рахмет. Осы жолда табыс тілейміз.

Соңғы жаңалықтар