Электр энергетикасына қатысты заң жобасының атауы өзгеріп, екінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
None
None

Бұл заң жобасы 2013 жылғы 18 желтоқсанда Мәжілістің жұмысына қабылданып, үстіміздегі жылы 14 мамырда бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген және электр энергетикасы объектілерінің жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруге, электр энергетикасы объектілерінің энергетикалық жабдығының техникалық жай-күйін жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға, энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуді көздейді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ізбақ Өмірзақов өз баяндамасында заң жобасын екінші оқылымда талқылауға дайындаған кезде 26 ұсыныс қаралғанын, олардың 24-і қабылданып, екеуін бастамашылар кері қайтарып алғанын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 3) тармақшасына сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының тақырыбын өзгерту туралы ұсыныс қабылданды. Себебі соның шеңберінде электр энергетикасы объектілерін бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру ғана емес, электр энергетикасы саласына қатысты басқа да мәселелерді құқықтық реттеу көзделеді. Сондықтан заң жобасының тақырыбы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» болып өзгертілді.

Үкімет бекітетін тұлғалардың тиісті тізбесінде егжей-тегжейлене түсетін электр энергетикасы саласындағы техникалық пайдалану қағидаларын және қауіпсіздік қағидаларын білудің біліктілік тексерулеріне жататын адамдар тобын заңнамалық тұрғыдан айқындау үшін «Электр энергетикасы туралы» Заңның 13-бабына тиісті толықтыру енгізілді.

Жалпы алғанда, заң жобасы бойынша жұмыс тобының 18 отырысы өткізілген. Салыстырма кестеде 110 позиция бар. Ұсыныстардың барлығы қабылданды.

Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар