15:25, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Электр энергиясын тұтынуда тапшылықтар орын алмайды ? Қ. Бозымбаев
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -
Алдағы уақытта еліміз бойынша электр энергиясын тұтынуда тапшылықтар орын алмайды.

Бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «KEGOC» АҚ президенті Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылдың басында республикамызда электр энергиясына сұраныс жоғары болды. Осыған орай, Үкімет тарапынан тапшылықтың қарқынды өсуі байқалғандықтан қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, онда электр қуатының бағасы реттелетін шаралар қамтылған болатын. Бұл шара өзінің де нәтижесін берді десе болады. Дегенмен де, тарифтердің артуын қамтамасыз етпей, бұл салаға ешқандай да жеке инвестицияның жоламайтынын ескеру керек. Ал бізде энергетика көздерінің барлығы жеке секторға тәуелді болып табылады. Сонымен бірге, өткен жылдың соңына қарай электр энергиясын пайдалану көрсеткіші төмендей бастады. Мәселен, өткен 2008 жылдың қараша айында электр энергиясын тұтыну 6 пайызға дейін төмендеді, ал желтоқсан айында бұл көрсеткіш 8 пайызды құрады. Ағымдағы жылғы қаңтардың екі онкүндігінде электр тұтыну 10,5 пайызға дейін төмендеген», деді Қ. Бозымбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні электр энергиясын тұтынуда тапшылық орын алмайды. Қазірдің өзінде ГРЭС-1, ГРЭС-2 орталықтарында 1,5 мыңға дейін МВт-тық қор бар болып отыр. «Үкімет тарапынан электр энергиясы бағасын реттеуге қатысты атқарылған шаралар осы саладағы рыноктың шайқалуына ешқандай әсерін тигізбейді», деді компания басшысы.