Электр қуатының лимиті 749 млрд теңгеге дейін ұлғаяды — Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі елдегі энергетикалық кәсіпорындарда қосымша қуаттарды енгізу және жұмыс істеп тұрған қуаттарды қалпына келтіру мәселесін пысықтап жатыр. Қазіргі таңда энергия өндіруші ұйымдармен 23 инвестициялық келісім жасалып, жұмыс істеп тұрған электр станцияларында 3,7 ГВт қуат қалпына келтірілуі жоспарланып отыр.

Электр қуаты
Фото: Kazinform

Министрлік мәліметінше, электр энергиясын тұтыну көлемінің ұлғаюы және тозған жабдықтардың істен шығуы салдарынан базалық қуаттардың тапшылығы қаупі әлі де сақталуда. Осыған байланысты қосымша қуаттарды енгізу және қолданыстағы қуаттарды қалпына келтіру шаралары қолға алынып отыр.

— Қазіргі жобалар бойынша қайтарымды инвестициялардың қолда бар лимиті 32 млрд теңге толық пайдаланылған, сондықтан қосымша жобаларды іске асыру үшін лимитті ұлғайту қажет. Осы орайда министрлік лимитті қолданыстағы 428 млрд теңгеден 749 млрд теңгеге дейін көтеру жөнінде № 416 бұйрыққа түзетулер жобасын дайындаған, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл шаралар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, қуаты 550 МВт Екібастұз ГРЭС‑2 станциясында № 4 энергоблоктың құрылысын бастау, қоршаған ортаға ластаушы заттардың жиынтық шығарындылары бойынша неғұрлым ірі, I санаттағы елу объектінің тізбесіне енгізілген жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарда ең үздік қолжетімді техниканы енгізу, соның ішінде «таза көмір» технологиясын пайдалану арқылы заңнамаға сәйкес экологиялық талаптарды орындау, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды салу және жаңғыртуды жүзеге асыру көзделген.

Еске сала кетейік, Энергетика министрлігі генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған нормативтік құқықтық акт жобасын пысықтады.

Сонымен қатар елдегі 19 электр станциясында тозу деңгейі 65 пайыздан астам екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум