Электр самокаттардың жылдамдығына қатысты тәртіп қайта қаралуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Самокаттардың жүру жылдамдығы мәселесін қайта қарау керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлім етті.

- Бұған дейін депутаттар әкімдерге ережені әзірлеуге өкілеттік беруді ұсынған еді. Мысалы, жексенбі күні саябақта самоктпен жүруге тыйым сала алатындай құзырет беру ұсынысы талқыланған еді. Сондай-ақ қандай да бір уақыт аралығында көлік көп жүретін даңғыл жолда олардың қозғалысын шектеу туралы ұсыныс болды. Неге екенін түсінбеймін, бірақ депутаттар бұл норманы қолдамады. Бұл нормалар да үлкен жауапкершілік болар еді, - деді И. Лепеха «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасын талқылау кезінде.
Бұдан бөлек ол самокаттарға тротуарда жүруіне тыйым салу туралы ұсынысы болғанын еске салды.
- Ал осыны Парламентте талқылау кезінде, самокаттарлың тротуарда жүруіне рұқсат беру туралы уәж айтылды. Осы орайда олар агрегаторлар арқылы реттелетінін, самокаттар сағатына 6 км жылдамдықты асырмайтынын дәлелдеген еді. Бұл ретте, агрегаторлар да олардың жылдамдығын бәсеңдетуге болатынын, яғни жуапкершілікті өздеріне алатынын айтып уәде берді. Іс жүзінде ешкім жылдамдықты баяулатпады. Неліктен бізде агрегаторларда жауапкершілік жоқ? Сондықтан бұл мәселені қайта қарау керек, - деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, 2023 жылы тамыз айында жол ережесін бұзған самокатшыларға айыппұл салу күшіне енді.
Атап айтқанда, заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі.
Бұл тұрғыда жүргізушінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі мен шлемнің болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу ескерілген. Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етілді. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленді. Сонымен қатар, мопед, велосипед, шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілеріне қатысты шектеулер нақтыланды.