Электрлі қармақпен балық аулағандар 23 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының әкімдігі Мәжіліс депутаттарына электр тогының көмегімен балық аулайтын браконьерлерді бас бостандығын 5 жылға дейін шектеп, 6 мың айлық есептік көрсеткіш (23,6 млн теңге — ред.) теңге айыппұл салатын заң нормаларын енгізуді ұсынды.

Бұл туралы әкімдіктің депутаттық сауалға жолдаған жауабында айтылған.
— Қазіргі таңда браконьерлер электр тогымен балық аулайды. Бұл проблеманы шешу үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажеттілігін қолдаймыз. Осыған орай, Қылмыстық Кодекске браконьер электр тогымен балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсiмдiктерін жаппай жоюдың тәсiлін қолдана отырып жасаса, браконьердің мүлкi тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыру, алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу енгізуді ұсынамыз, — деп жазылған жауапта.
Бұған дейін Өскемендегі Согра ықшам ауданындағы су қоймасында балықтың қырылуына байланысты тексеру жүріп жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ, кешеден бері Ертіс-Баян өңірінде бүгіннен бастап балық аулауға тыйым салынды. Бұл тыйым 30 мамырға дейін күшінде болады.