Электронды үкiметтi дамыту жөнiндегi БҰҰ рейтингiнде Қазақстан 28-орында тұр - Мемлекеттік хатшы

"Ғылым мен бiлiмнiң және озық инновациялардың заманына айналған XXI ғасырда әлеуметтiк салаға ақпараттық және коммуникациялық технологияларды тереңдеп енгiзудiң мән-маңызы өте зор. Мұндай игiлiктi қадамдар халықтың өмiр сүру сапасы мен әлеуметтiк әлеуетiн арттырып, сол арқылы ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институционалды реформаны лайықты iске асыруға жол ашады деп сенемiн. Бүгiнде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жаһандық экономиканың негiзгi қозғаушы күштерiнiң бiрiне айналды. Халықты әлеуметтiк қамсыздандыру саласында ақпараттық-технологияларды қолдану мәселелерi жөнiндегi Астана конференциясы МАСО (Халықаралық әлеуметтiк қамсыздандыру қауымдастығы) елдерiнiң демократиялық, экономикалық, технологиялық әлеуетi өзгерiп жатқан кезеңмен тұспа-тұс өтуде", - дейді Мемлекеттiк хатшы.
Г.Әбдiқалықова атап өткендей, Қазақстан - халыққа қызмет көрсету саласында ақпараттық технологияларды қарқынды дамытып жатқан елдердiң бiрi.
"Бүгiн Қазақстан озық технологияларды пайдалана отырып, халыққа мемлекеттiк қызмет көрсету саласын әлдеқайда дамытты. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, БҰҰ-ның электронды үкiметтi дамыту жөнiндегi рейтингiнде Қазақстан 193 елдiң iшiнде 28-шi орын алды. БҰҰ-ның ұсынысы бойынша, электронды үкiмет жөнiндегi екiншi жаһандық форум былтыр Қазақстанда өттi", - дедi өз сөзiнде Г.Әбдiқалықова.