«Электрондық ақша» жүйесіне қатысты арнайы заң қабылдануы керек - Б. Тәжіяқов
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Электрондық ақша» жүйесіне қатысты арнайы заң қабылдануы керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың жағдайы мен даму болашағы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов осылай мәлім етті.
«Қазіргі таңда Қазақстанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды шапшаң дамытуға кедергі болатын бірқатар проблемалық мәселелер баршылық. Атап айтқанда, тауарлық-сервистік кәсіпорындар төлем карточкаларын пайдалану арқылы жүзеге асатын қолма-қол есеп айырысу төлемдерімен қамтылмай отыр. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды одан сайын тереңдете түсу үшін ең алдымен барлық сауда кәсіпорындарының қызығушылығын арттыру керек. Екіншіден, төлем карточкаларын пайдалану бойынша тұтынушылар мен сауда жасаушылар үшін экономикалық ынталандыру мәселелерін қарастырған да орынды. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет таарпынан бірқатар кешенді шаралар қабылдау қажеттігі сезіледі», - дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов.
Оның айтуынша, 2004 жылғы 15 желтоқсандағы төлем карточкаларын пайдалану арқылы төлемдерді қабылдауға міндеттелген сауда және қызмет көрсететін ұйымдардың санаттарын бекіту туралы ҚР Үкіметінің қаулысының орындалуын қадағалауды күшейту қажет. Бұл қаулы төлем карточкалармен есеп айырысу желісін кеңейтуге бағытталған. Алайда, тиісті қадағалау шаралары жүргізілмегендіктен еш тиімділік байқалған емес.
«Бұдан бөлек, «электрондық ақша» қоғамдық жүйесін құру керек. Бұның шеңберінде банктер теңге аталымына электронды ақшалар шығару мүмкіндігіне ие болады. Бұған қатысты арнайы заң қабылданса игі. Ол заңда электрондық ақшаның құқықтық негізі айқындалып, функциялық жүйесі белгіленеді. Бұның өзі электронды және ұтқыр коммерцияға серпіліс беретіні сөзсіз», - дейді Б. Тәжіяқов.