Электросамокатты қалай қауіпсіз пайдалануға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын электросамокаттарды пайдалану кезінде жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, соңғы уақытта бір электросамокатқа екі немесе одан да көп адамның қатар мінуі, сондай-ақ онымен көлемді жүк тасымалдау жағдайлары жиілеп кеткен.
— Электросамокаттың құрылымы бір ғана адамды тасымалдауға арналған. Оған қосымша жолаушы мінгізу немесе көлемді жүк тиеу көлік құралының тепе-теңдігін бұзып, оны басқаруды қиындатады әрі құлау мен жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін бірнеше есе арттырады. Барша пайдаланушыны қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарап, Жол қозғалысы қағидаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз. Бұл — тек самокат жүргізушісінің емес, айналасындағы басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе, — деді Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция жол қозғалысы қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
— Полиция жеке ұтқырлық құралдарын пайдаланушыларды жолдағы тәртіпті сақтауға, өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарауға және «бір самокат — бір адам» қағидатын ұстануға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік — әркімнің жауапкершілігінен басталады, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, алматылықтар электрсамокат ережесін бұзғандар туралы WhatsApp арқылы хабарлай алады.