Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Электрсамокат пен мопедті кез келген жерге қалдыруға болмайды — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM- Электрсамокат немесе мопедті рұқсат етілмеген жерге қою жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге қатысушыларына кедергі келтіруі мүмкін. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мұндай көлік құралдарын қай жерлерге қоюға болмайтынын түсіндірді.

самокат, погода, люди
Фото: Александр Павский / Kazinform

ІІМ мәліметінше, электрсамокаттарды орналастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау және жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтірмеу қажет.

Ведомство электрсамокаттарды мына жерлерде қалдыруға болмайтынын нақтылады:

— көлік жүретін жол бөлігінде, егер ол көлік қозғалысына кедергі келтірсе;

— жаяу жүргіншілер өткелдерінде;

— велосипед жолақтарында; 

— қоғамдық көлік аялдамаларында;

— ғимараттардың кіреберістері мен шығаберістерінің алдында;

— пандустарда;

— мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұру жолдарында;

— жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін немесе олардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін орындарда.

ІІМ электрсамокаттарды арнайы жабдықталған тұрақ орындарына, жергілікті атқарушы органдар немесе прокат операторлары белгілеген орындарға, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейтін аумақтарға қоюды ұсынады.

Сонымен қатар 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді әрбір прокаттық электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріледі, ал прокат операторлары олардың техникалық жай-күйін, қозғалыс жылдамдығын және орналасқан жерін бақылауға, сондай-ақ ретсіз тұраққа қойылуына жол бермеуге міндетті

Ал мопедтер электрсамокаттар сияқты емес, механикалық көлік құралдарының қатарына жатады. Сондықтан оларға Жол жүрісі қағидаларының тоқтау және тұраққа қоюға қатысты талаптары толық қолданылады.

Мопедтерді: — арнайы жабдықталған тұрақтарға; –тұраққа қоюға тыйым салынбаған жағдайда жолдың оң жақ шетіне; — жол белгілері мен жол жүрісі қағидалары рұқсат ететін басқа орындарға қоюға болады.

Сонымен қатар Жол жүрісі қағидаларының 122-тармағында көрсетілген жерлерде мопедті қалдыруға болмайды.

Атап айтқанда, ол басқа көліктердің немесе жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеуі, жол белгілерін жауып қалмауы және жолдың көрінуін шектемеуі тиіс. ІІМ жүргізушілер мен екі дөңгелекті көлік пайдаланушыларын тұрақ орнын таңдағанда айналадағы адамдардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға шақырды.

Айта кетейік, елордада 200-ге жуық самокат пайдаланушысы жауапкершілікке тартылды.