Елена Рыбакина Әбу-Дабиде «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионымен кездесуі мүмкін

  АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина 5-11 ақпанда өтетін Әбу-Даби WTA 500 турнирінде бақ сынайды.

Елена Рыбакина
Фото: Sports.kz

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастайды.

Е.Рыбакина екінші айналымда «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Наоми Осака немесе әлемнің 71-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинздің қай жеңгенімен кездеседі.

Кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 758-орында тұрған Н.Осака сәбилі болуына байланысты алған үзілістен кейін кортқа қайта оралған болатын. Д.Коллинз де оңай шағылатын жаңғақ емес.

Аталмыш жарыста рейтингіде 6-сатыдағы тунистік теннисші Онс Жабер екінші ракетка болып тіркелген.

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) бүгін жаңартылған рейтингісінде алғашқы үштікте өзгеріс жоқ – Польша өкілі Ига Швентек, беларусьтік Арина Соболенко және америкалық Кори Гауфф тұр.

Елена Рыбакина 5-орында қалса, Юлия Путинцева 70-тен 69-ға көтерілді.

Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс, тайбэйлік Се Шувэй және аустралиялық Сторм Хантер алда келе жатса, қазақстандық Анна Данилина бұрынғыша 44-сатыда. Жібек Құламбаева 142-ден 143-ке, Е.Рыбакина 361-ден 363-ке сырғыды. Ю.Путинцева 354-орнын сақтап қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің екінші рет Монпелье турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен Дэвис кубогінде Аргентинамен матчта Тимофей Скатов екінші жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстан тартысты матчта Аргентинаға жол берді.

 

Соңғы жаңалықтар