Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 12-орынға сырғыды

АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті. 

Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 12-орынға сырғыды
Фото: sports.kz

Мадридтегі WTA 1000 турнирінің үшінші айналымынан аса алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 11-ден 12-ге сырғыды.

Осы жарыс жеңімпазы, Беларусь өкілі Арина Соболенко бұрынғыша көштің алдын бермесе, поляк Ига Швентек екінші, Мадридте финалға дейін жеткен америкалық Кори Гауфф үшінші сатыда тұр.

Испания астанасында екінші айналымнан аса алмаған тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 24-тен 29-ға төмендеді.

Жұптық сында Анна Данилина 17-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 76-дан 77-ге, Германияда Висбаден ITF W100 жарысында жеңімпаз атанғанына қарамастан, Жібек Құламбаева 106-дан 127-ге құлдырады.

Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жуырда басталатын Рим (Италия) WTA 1000 додасында сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі орындарын жақсарта алады.

Елена Рыбакина 2023 жылы Римде үздік шықса, өткен жылы денсаулығына байланысты одан тыс қалған еді. Ал Юлия Путинцева үшінші айналымға дейін жеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Германиядағы жарыста үздік шыққанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар