Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде төртінші орнын сақтап қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Әлемдік рейтингіде үздік төрттікте ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Польша өкілі Ига Швентек бұрынғыша көш бастаса, белоруссиялық Арина Соболенко екінші, америкалық Кория Гауфф үшінші, қазақстандық Елена Рыбакина төртінші орында тұр.
Өткен аптада Е.Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалы алдында денсаулығына байланысты матчқа қатысудан бас тартқан еді.
Күні бүгін К.Гауфтың еншісінде 6 975 ұпай болса, қазақстандық теннисші (6 848 ұпай) оны өкшелеп келеді.
Соңғы кезде сәттілік жолдас болмай жүрген тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 77-ден 80-ге, Жібек Құламбаева 491-ден 493-ке сырғыды.
Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс, тайбэйлік Се Шувэй, аустралиялық Сторм Хантер алда тұр.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 47-ден 44-ке көтерілсе, Ж.Құламбаева 143-те қалды. Ю.Путинцева 356-дан 357-ге, көптен бері жұптық сында ойнамай жүрген Е.Рыбакина 363-тен 517-ге төмендеді.
Спортшылардың өз көрсеткіштерін жақсартуы немесе құлдырауы алдағы жарыстарда қалай өнер көрсетуіне байланысты болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы тағы бір турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.