Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Брисбен қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Колумбияны тізе бүктірді.

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 684-орында тұрған Юлиана Лисарасоның мысын басты.

Бірінші партияда Рыбакина қарсыласына бір ғана гейм берді – 6:1.

Екінші сетте колумбиялық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ бұдан кейін Елена қатарынан алты геймді өз есебіне жазды – 6:2.

Небәрі 52 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Лисарасо 1 брейкті қанағат тұтты.

Осылайша, Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді. Қалған жұптық бәсеке ештеңені шешпейді. 

Матчтан соң сұхбатында Е.Рыбакина жанкүйерлерге алғысын айтып, жеңіске Юлия

Путинцеваның сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

Сөйтіп Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында үшінші рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасының Аустралияны ұтқанын жазған болатынбыз.

Билли Джин Кинг кубогында Колумбиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.

Соңғы жаңалықтар