Елена Рыбакина бастаған теннисшілер әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды
Испанияның Севилья қаласында 7-12 қарашада өтетін Билли Джинг Кинг кубогі – командалық әлем чемпионатының топтық кезеңіне қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Ярослава Шведова бастаған бапкерлер құрамы мына ойыншыларға сенім артты.
Атап айтқанда, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина, сондай-ақ Юлия Путинцева (WTA, 68-ракетка), Анна Данилина (жұптық сында 32-ракетка), Жібек Құламбаева (жұптық сында 154-ракетка) және Аружан Сағындықова (жекелей сында 743-ракетка) таңдалып алынды.
Қазақстан құрамасы В тобында Билли Джин Кинг кубогінің жеті мәрте жеңімпазы Аустралия және Словения командасымен ойнайды.
Топтық кезеңде Қазақстаннан басқа өткен жылғы чемпион Швейцария, Аустралия, Франция, Канада, Чехия, Италия, АҚШ, Испания, Словения, Германия және Польша құрамасы бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан екі бірдей жас теннисшінің ТОП-100 қатарына кіргенін жазған едік.