Елена Рыбакина Доха турнирінің үшінші айналымына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 47-орында тұрған америкалық Питон Стирнспен шеберлік байқасты.
Бұл қос теннисшінің өзара алғашқы кездесуі еді.
Қазақстандық спортшы матчты қарқынды бастады – 3:0. Есеп 5:1-ге жетіп, сетке доп бергенімен, аяқтай алмады. Дегенмен партияны тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Елена екінші сетте 5:0 есебімен алға шықты. Есеп 5:1 болып, матчқа доп бергенде, Стирнс брейк жасай алды. Қарсыласының ширақ қимылдағанына қарамастан, Рыбакина ойынды брейкпен тәмамдай білді – 6:4.
Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Стирнс 4 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, 17 жастағы ресейлік Мирра Андреева немесе рейтингіде 46-сатыдағы словакиялық Ребекка Шрамкованың қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 20-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингіде 33-сатыдағы чехиялық Линда Носковадан ұтылып қалды – 2:6, 3:6.
2024 жылы Е.Рыбакина Дохада финалға дейін жетіп, онда Польша өкілі Ига Швентекке 6:7 (8:10), 2:6 есебімен жол берген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Доха турнирінің 1/8 финалына өткенін жазған едік.