Елена Рыбакина Лондон жарысында өнер көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — 8-14 маусым аралығында көгал төсенішінде өтетін Лондон WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды.

Елена Рыбакина
Фото: olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды.

Аталмыш доданың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде 49-орындағы грекиялық Мария Саккари немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі. 

Лондон турнирінің жүлде қоры 1 млн 915 мың АҚШ долларына бағаланған. Өткен жылы Е.Рыбакина ширек финалға дейін жеткен болатын. 

Қазақстандық теннисші Ролан Гаррос турнирінде күтпеген жерден екінші айналымда украиналық Юлия Стародубцевадан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған болатын. Соның салдарынан Е.Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде үшінші орынға сырғыды. Сенбі күні Парижде 19 жасында алғаш рет Франция ашық чемпионатында жеңімпаз атанған ресейлік Мирра Андреева 4 928 ұпаймен чемпиондық кестеде көш бастады. Әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко 4 510 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Е.Рыбакинаның есебінде 4 388 ұпай бар.

Ерлер арасында Қазақстанның үшінші, әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің финалына шыға алмады. 

Ол жартылай финалда әлемнің 119-ракеткасы, португалиялық Энрике Рошаға жол берді – 4:6, 2:6.

Соған қарамастан, Т.Скатов қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 175-орынға көтеріліп тұр. 
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Түркиядағы турнирде екінші рет қатарынан чемпион атанғанын жазған едік