Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымынан сүрінбей өтті.
Париж кортындағы алғашқы кездесуде отандасымыз WTA рейтингінде 84-орында тұрған 26 жастағы словениялық Вероника Эрьявецті еш қиындықсыз қапы қалдырды.
Қазақстан теннис федерациясы мәліметінше, 1 сағат пен 16 минутқа созылған матч 6:2, 6:2 есебімен Еленаның пайдасына аяқталды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 2 эйс жасап, 1 рет қосарланған қателікке бой алдырды. Сондай-ақ, 5 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланып, өз геймдерінде қарсыласына бірде-бір мүмкіндік берген жоқ.
Еске сала кетейік, өткен маусымда Елена Парижде төртінші айналымға дейін жеткен болатын. Бұл дегеніміз – алдағы екі аптада отандасымызға 240 рейтингтік ұпайын қорғау қажет. Рыбакинаның келесі қарсыласы Украина өкілі Юлия Стародубцева (№55 WTA) болмақ.
Сонымен қатар бүгін алғашқы айналым аясында Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева да (№76 WTA) кортқа шықты. Оның қарсыласы – австралиялық Талия Гибсон (№58 WTA).
Әйелдер арасындағы жұптық сында Қазақстан намысын әдеттегідей Анна Данилина қорғайды. Еліміздің үздік жұптық сын шебері өзінің бұрынғы серіктесі – сербиялық Александра Круничпен қайта тізе қосты. Бастапқы матчта қайта табысқан жұп Чехия өкілдері Джесика Малечкова және Мириам Шкох дуэтіне қарсы ойнайды.
Ал ерлер арасындағы бәсекеде ел намысын қорғаған Александр Шевченко (№88 ATP) жекелей сындағы жарысын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Негізгі кестеге тікелей жолдама алған отандасымыз үш сет қорытындысы бойынша америкалық Алекс Микелсеннен (№42 ATP) 2:6, 4:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен Шевченко Париж корттарымен біржола қоштасқан жоқ: ол жұптық сында құрама көшбасшысы Александр Бубликпен бірге өнер көрсетеді.
Александр Бубликтің (№10 ATP) өзі жекелей сындағы жолын ертең бастайды. Қазақстанның бірінші ракеткасы алғашқы матчта Германия өкілі Ян-Леннард Штруффпен (№80 ATP) ракетка сілтеседі.
Бұған дейін Елена Рыбакина Рим турнирінің жартылай финалынан тыс қалғанын жазған едік.