Елена Рыбакина Токио турнирінің ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.

Елена Рыбакина Токио турнирінің ширек финалына жолдама алды
Фото: ҚТФ

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 22-орында тұрған канадалық, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі Лейла Фернандеспен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Фернандес басым түскен еді. 

Бұл жолы бірінші партия 6:4 есебімен Еленаның пайдасына шешілді.

Екінші сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты сәтті аяқтай алды — 6:3.
Бір сағат 28 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Фернандес 1 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, тағы бір канадалық Виктория Мбокомен таласады.

Осылайша, өткен аптада Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде чемпион атанған қазақстандық теннисші қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді. 

Қараша айында Эр-Риядта өтетін жылдың қорытынды турниріне жолдама алу үшін Е.Рыбакинаға енді бір жеңіс жетіп жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Токиодағы турнирдің ширек финалына жазған едік. 


Соңғы жаңалықтар