Елена Рыбакина Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Осының алдында Канадада Торонто WTA 1000 додасының финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші Цинциннатиде доданы екінші айналымнан бастады.
Е.Рыбакина әлемдік рейтингіде 94-орындағы америкалық Тейлор Таунсендпен шеберлік байқасты.
Бұған дейін 2024 жылы Майами WTA 1000 додасының үшінші айналымында Е.Рыбакина Т.Таунсендті тартысты матчта 6:3, 6:7 (3:7), 6:4 есебімен тізе бүктірген еді.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы 3:0 есебімен алға шығып, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:3.
Екінші сетте Е.Рыбакина 2:0 есебімен алға кеткенімен, Т.Таунсенд сол бойда таразы басын теңестіре білді — 2:2. Есеп 4:4 болған мезетте Елена тағы бір брейкке қол жеткізді — 5:4.
Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ — 6:4.
Бір сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Таунсенд 4 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 41-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Френхпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Испаниядағы турнирде тағы да чемпион атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ Асылжан Арыстанбекова екінші рет қатарынан Астана турнирінде топ жарды.